Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп Израиль мен Иранның атысты тоқтатуға келіскенін мәлімдеді

Трамп _ Gage Skidmore

Фото: Gage Skidmore

АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс бойынша алдағы бірнеше сағат ішінде "толық атысты тоқтату" енгізілгенін жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Израиль мен Иран толық әрі жан-жақты атысты тоқтату туралы келісімге келді (қазірден бастап шамамен алты сағат ішінде Израиль мен Иран өздерінің қазіргі және соңғы миссияларын тоқтатады және аяқтайды), ал 12 сағат ішінде бұл соғыс аяқталған деп есептеледі. Ресми түрде Иран атысты бірінші болып тоқтатады, ал 12-сағатта Израиль де атысты тоқтатуға кіріседі. 24-сағатта бүкіл әлем 12 күндік соғыстың ресми аяқталғанын атап өтеді", – деп жалғастырды АҚШ президенті.

Трамп бұл соғыс бірнеше жылға созылып, бүкіл Таяу Шығысты жойып жіберуі мүмкін екенін айтты.

“Бірақ олай болған жоқ және ешқашан болмайды да. Құдай Израильді жарылқасын, Құдай Иранды жарылқасын, Құдай Таяу Шығысты жарылқасын, Құдай Америка Құрама Штаттарын жарылқасын және Құдай бүкіл әлемді жарылқасын!" – деп аяқтады Трамп өз жазбасын.

Жазба жарияланған сәтке дейін Иран да, Израиль де Трамптың аталған мәлімдемесін ресми түрде не растаған, не теріске шығарған жоқ.

Reuters басылымының мәліметінше, Катар премьер-министрі Мұхаммед бин Абдулрахман Аль Тани Иранды АҚШ-тың атысты тоқтату туралы ұсынысына келісуге көндірген. Басылым дереккөзінің сөзінше, Иранның ресми тұлғаларымен телефон арқылы сөйлесу Иран Қатардағы "Әл-Удейд" америкалық әскери базасына соққы жасағаннан кейін болған.

АҚШ президенті Дональд Трамп Катар әміріне Израильдің атысты тоқтатуға келіскенін хабарлап, Дохадан Иранды да осыған көндіруге көмектесуін сұраған.

Axios басылымының хабарлауынша, бітімге келуге Катардың делдалдығы көмектескен.

Иран базадағы шабуылдан кейін Ақ үйге бұдан әрі шабуыл жасамайтыны туралы хабар жолдап, Вашингтон да Иранға шабуыл жасамайтынын және келіссөздерді қайта бастауға дайын екенін мәлімдеген.

"Осыдан кейін атысты тоқтату шарттары мен басталу уақытын келісу мақсатында АҚШ пен Израиль, сондай-ақ Катар мен Иран арасындағы келіссөздер жалғасқан", — деп жазады басылым.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 24 Маусым, 2025 08:28
Талқылау