Трамп Иранмен бітімнен бас тартып, НАТО одақтастарын қатаң сынға алды

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен атысты тоқтату келісімін қолдамайтынын мәлімдеді. Ол Вашингтонның әскери басымдығын атап өтіп, НАТО елдерін Ормуз бұғазының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеспеді деп айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен бітім жасасудан бас тартатынын мәлімдеп, НАТО-дағы одақтастарын тағы да сынға алды. Жұма күні Трамп Вашингтонның соғыста айқын басымдығы бар екенін айтып, Иранмен атысты тоқтату туралы келісім жасау мүмкіндігін жоққа шығарды. Оның бұл мәлімдемесі АҚШ-тың Таяу Шығысқа қосымша әскери күш жіберіп жатқаны туралы ақпараттар аясында айтылды. Бұл өз кезегінде ықтимал құрлықтағы операцияға дайындық болуы мүмкін деген болжамды күшейтті, дегенмен Трамп бұған дейін мұндай нұсқаны жоққа шығарған еді.
"Менің ойымша, біз жеңдік. Мен бітім жасағым келмейді. Қарсыласты толық жойып жатқан кезде ешкім атысты тоқтату туралы келісім жасамайды", – деді Трамп Ақ үйдің жанында журналистерге берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол Иранда флот та, әскери-әуе күштері де, басқа техника да, тіпті көшбасшылар да қалмағанын тағы да қайталады.
Алайда Иран Ормуз бұғазын іс жүзінде жауып тастап, бұл әлемдік мұнай бағасының күрт өсуіне әкелді. Парсы шығанағында көптеген сауда кемелері тұрып қалды.
Бұған дейін америкалық БАҚ, соның ішінде NBC News, Wall Street Journal және Axios басылымдары аймаққа АҚШ теңіз жаяу әскерінің бөлімдері жіберіліп жатқанын хабарлаған. Сонымен қатар Ақ үй қосымша әскер жіберу мүмкіндігін қарастырып жатқаны айтылған.
Axios мәліметінше, АҚШ әкімшілігі Иран мұнайының 90%-ы өтетін Харк аралын басып алу немесе блокада жасау жоспарын да талқылауда. Бұл арқылы Вашингтон Иранға қысым жасап, Ормуз бұғазын қайта ашуға мәжбүрлемек.
Трамп бұл жоспарларға қатысты "Менде жоспар болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін" деп қысқа жауап берді.
Жұма күні таңертең Трамп НАТО елдерін Ормуз бұғазының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеспеді деп тағы да сынға алды.
"АҚШ-сыз НАТО – қағаз жолбарыс! Олар ядролық қаруы бар Иранға қарсы соғысқа қатысқысы келмеді. Енді бұл соғыс әскери тұрғыдан жеңілді, ал олар үшін қауіп жоқтың қасы. Бірақ олар мұнай бағасының өсуіне шағымданады, сонымен бірге Ормуз бұғазын ашуға көмектескісі келмейді. Қорқақтар, біз мұны есте сақтаймыз!" – деп жазды ол Truth Social желісінде.
Осыдан кейін бірнеше сағат өткен соң Ұлыбритания АҚШ-қа өз әскери базаларын пайдалануға рұқсат берді. Бұл базалар Иран нысандарына соққы жасау және Ормуз бұғазындағы кемелерді қорғау үшін қолданылмақ.
Алайда Лондон тікелей әскери соққыларға қатыспайтынын мәлімдеді. Трамп болса Ұлыбританияның әрекетін "кешіктірілген шешім" деп бағалады.
Өз кезегінде Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Ұлыбританияның бұл қадамын сынға алып, оны "британдықтардың өміріне қауіп төндіреді" деп атады.
"Ұлыбритания халқының басым бөлігі АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысына қатысуды қаламайды. Бірақ үкімет халықтың пікірін елемей, АҚШ-қа базаларын пайдалануға рұқсат беріп отыр", – деді ол.
Сондай-ақ Иран тарапы Ұлыбританияның кез келген көмегі жағдайдың ушығуына әкелетінін және Тегеран өз-өзін қорғау құқығын пайдаланатынын ескертті.
- Тоқаев қарулы қақтығыстар болып жатқан елдерге үндеу жасап, Түркістанда келіссөз жасауды ұсынды
- Дональд Трамп Кубаны басып алуға ниетті
Еске салайық, бүған дейін Иран да АҚШ пен Израиль ұсынған уақытша бітімнен бас тартып, қақтығысты толық әрі тұрақты түрде аяқтауды көздейтінін мәлімдеді. Тегеран уақытша келісімдер мәселені шешпейді деп есептейді. Сонымен қатар Иран Ормуз бұғазы арқылы кеме қозғалысы мәселесін жекелеген елдермен келіссөз арқылы реттеуге дайын екенін білдірді. Бұл жағдай аймақтағы шиеленістің әлі де жоғары деңгейде екенін көрсетеді.
"Өзін құрбан ету үшін "айналайын" деп дауыстаған": Қазақтың қандай салт-дәстүрі мен ұғымдары ұмыт болды