Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп импортқа салынатын жаһандық баж салығын 15 пайызға дейін көтерді

Фото: Том Бреннер/Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп импортқа салынатын тарифтерді 10%-дан 15%-ға дейін көтеретінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл ақпаратты АҚШ президенті өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Дональд Трамп жаңа тариф мөлшері Жоғарғы соттың оның сауда саясатына қатысты шешімін жан-жақты қарап шыққаннан кейін қабылданғанын және бұл шешім заңға толық сәйкес келетінін айтты.

“Кеше АҚШ Жоғарғы соты шығарған тарифтерге қатысты, меніңше, абсурд әрі антиамерикалық шешімді бірнеше ай бойы мұқият қарап, ой елегінен өткізгеннен кейін, осы мәлімдеме арқылы мынаны растаймын: мен АҚШ президенті ретінде дәл қазірден бастап ондаған жыл бойы “АҚШ-ты тонаған" көптеген елдерге салынатын 10% жаһандық тарифті заңды түрде рұқсат етілген 15% деңгейіне дейін көтеремін”, – деді ол. 



Сондай-ақ ол алдағы бірнеше ай ішінде әкімшілік "Make America Great Again" бағдарламасы аясында заңды түрде рұқсат етілетін жаңа тарифтерді айқындап, енгізетінін қосты.

Еске салсақ, АҚШ-тың жоғарғы соты президент Трамптың әлем елдеріне баж салығын көтеруін заңсыз деп таныған еді. 

STAN.KZ
Жексенбі, 22 Ақпан, 2026 08:03