Трамп Байден кезінде жеткізілімі тоқтатылған бомбаларды Израильге қайта тасымалдай бастады
Ақ үй 2 мың фунт салмақтағы бомбаларды Израильге жеткізуге салынған тыйымды алып тастау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Axios порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: AFP
Трамптың Ақ үйі Пентагонға Байден әкімшілігі енгізген Израильге 2 мың фунттық бомбаларды жеткізуге тыйымды алып тастауды тапсырды. Бұрынғы президент Джо Байден Израильге MK-84 бомбаларының бір партиясын жеткізуді тоқтату туралы шешім қабылдаған еді. Бұл шешім өткен жылы Газа секторындағы 15 айлық соғыс кезінде АҚШ пен Израиль арасындағы қатынастарда ірі дағдарыс тудырды.
Сонымен қатар Байденнің бұл шешімі АҚШ-тың негізінен демократиялық көзқарастағы еврей қауымдастығы тарапынан сынға ұшырады.
Израиль АҚШ-тағы қоймаларда сақталып тұрған 1 800 MK-84 бомбасының жуық арада кемеге тиеліп, Израильге жеткізілетінін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Трамп Украинадағы өкіліне 100 күнде соғысты тоқтатуды тапсырды. Ресейліктер Трамп соғысты тез арада тоқтатады дегенге сенбейді. Алайда сарапшылар бұл Трампттың Украинадағы өкіліне берген тапсырмасын келіссөздердегі алғашқы қадам деп санайды. Трамп егер Путин Украинадағы соғысты тоқтату туралы келіссөздерден бас тартса, Ресейге қарсы жаңа санкциялар салу мүмкін екенін айтты.