Фото: Samuel Corum/SIPA USA/picture alliance
АҚШ президенті Дональд Трамп әлеуметтік желіде өзінің бұйрығымен америкалық әскерилер Нигерияның солтүстік-батыс бөлігінде “Ислам мемлекеті” (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) лаңкестік тобына соққы жасағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Трамп лаңкестік қйымды “террористік қоқыс” деп атап, олардың көп жылдар, тіпті ғасырлар бойы бейкүнә христиандарға шабуыл жасап, оларды аса қатыгездікпен өлтіріп келгенін айтты.
“Мен бұған дейін бұл террористерге христиандарды өлтіруді тоқтатпаса бұл әрекеті үшән бастарымен жауап беретіндерін ескерткенмін және солай болды. Соғыс министрлігі (Қорғаныс министрлігі) тек Америка Құрама Штаттары ғана жасай алатын мінсіз, бірнеше соққы жасады. Құдай әскерімізді жарылқасын және бәріне, тіпті христиандарды өлтіргені үшін ажал құшатын лаңкестерге де бақытты Рождество тілеймін”, – деп жазды Дональд Трамп.
Трамп соққы жасалған нақты нысандарды атамады. Ал америкалық әскери күштердің алғашқы хабарламасында нысананың “Собото” штатта орналасқаны жазылған. Нигерияда мұндай атаудағы өңір жоқ, алайда елдің солтүстік-батысында орналасқан, халқының басым бөлігі мұсылмандардан тұратын Сокото штаты бар. Бұл өңірде лаңкестердің, соның ішінде христиандарға қарсы шабуылдары жиі тіркеледі.
Кейін америкалық әскери қызметкерлер бастапқы жазбаны өшіріп, жаңа хабарламада штаттың дұрыс атауын көрсетті.
Africom деректеріне сәйкес, соққы салдарынан “Ислам мемлекеті” ұйымының көптеген мүшелері қаза тапқан.
“Ислам мемлекеті” ұйымына қарсы жасалған жойқын соққылар әскеріміздің қуатын және америкалықтарға ел ішінде де, оның сыртында да төнетін террористік қатерлерді жоюға деген берік ұстанымымызды көрсетеді”, — деп жазды Africom.
Нигерияның Сыртқы істер министрлігі соққылар АҚШ-пен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық аясында жасалғанын мәлімдеді. Айтуынша, салдарынан Нигерияның солтүстік-батыс аумағында жоғары дәлдіктегі әуе соққылары жасалды
Пентагон кем дегенде бір зымыранның әскери кемеден ұшырылғаны көрінетін видеоны жариялады.
Reuters агенттігі АҚШ Қорғаныс ведомствосының аты-жөні аталмаған қызметкеріне сілтеме жасап, соққылар АҚШ-қа белгілі “Ислам мемлекеті” ұйымының әскери лагерьлерінде болған содырларға бағытталғанын жазады. Қараша айында Трамп Нигерия билігі лаңкестердің шабуылдарынан христиандарды қорғай алмай отыр деп мәлімдеп, америкалық армияға бұл елдегі исламистік қарулы топтарға қарсы әскери әрекеттерге дайындалуды тапсырған еді.
Алайда халықаралық құқық қорғау ұйымдарының айтуынша, Нигерияда христиандар мұсылмандарға қарағанда жиірек өлтіріледі деп айтуға негіз жоқ. Зорлық-зомбылық құрбандарының саны екі дін өкілдері арасында орта есеппен бірдей делінген.
Айта кетейік, “Боко Харам” және “Батыс Африкадағы Ислам мемлекет” атты қарулы исламистік топтар елдің солтүстік-шығысындағы тұрғындарына он жылдан астам уақыт бойы шабуыл жасап келеді. Үкімет деректеріне сәйкес, осы жылдар ішінде содырлардың қолынан ондаған мың адам қаза тапқан. Жуырда BBC тілшілері Нигериядан лаңкестер елдің солтүстік-шығысында қарулы әрекеттерді бастағанына 15 жыл болған уақыт ішінде миллиондаған адам өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болғанын мәлімдеді.
Acled мониторингтік тобының мәліметінше, 2024 жылдан бері лаңкестердің фермерлерге жасаған шабуылдары салдарынан қаза тапқандар саны екі еседен астам артқан.
Нигерияның орталық бөлігінде де су көздері мен жайылымдарға қол жеткізу үшін негізінен мұсылман бақташылары мен көбіне христиан фермерлер арасында қақтығыстар болып тұрады.
“Жанға жан” қағидаты бойынша өрбіген мұндай қақтығыстардың салдарынан мыңдаған адам қаза тапты. Алайда құқық қорғаушылардың айтуынша, қатыгездікті қақтығыстың барлық тараптары жасауы мүмкін әрі шабуылдар негізінен христиандарға бағытталған деген дерек жоқ.