Трамп АҚШ-та 8 мамырды Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні деп жариялады
Фото: Getty Images
Президент Дональд Трамп 8 мамырды АҚШ-та "Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні" деп жариялау туралы шешім қабылдады. Ол жеңіске жету үшін америкалықтар басқаларға қарағанда көбірек еңбек сіңіргенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Трамп бұл мәлімдемесін Truth Social әлеуметтік желісінде жариялады. Ақ үй басшысы екі жаңа мереке белгілеуге бұйрық берді: 8 мамыр – Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні және 11 қараша – Бірінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні.
"Біздің көптеген одақтасымыз бен достарымыз 8 мамырды Жеңіс күні ретінде тойлайды, бірақ біз Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жету үшін басқа елдерге қарағанда көбірек еңбек сіңірдік. Мен 8 мамырды Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні, ал 11 қарашаны Бірінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні деп өзгертемін", – деп жазды Америка президенті.
Ол Жеңіс күндерін қайта тойлай бастайтынын айтты.
"Біз екі соғыста да жеңіске жеттік, күш-қуат, батылдық және әскери ерлік жағынан бізге ешкім тең келген жоқ. Бірақ біз ешқашан ештеңені тойламаймыз, өйткені бізде оны қалай тойлау керек екенін білетін көшбасшылар жоқ! Біз жеңістерімізді қайта тойлай бастаймыз!" – деді ол.
Еске салсақ, 2024 жылғы 8 қазанда Кремльде өткен ТМД елдері басшылары кеңесінің отырысында Ресей президенті Владимир Путин 2025 жылы Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) елдері Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 80 жылдығын бірлесіп тойлайтынын мәлімдеген еді.
Биыл Жеңістің 80 жылдығына орай Астанада әскери шеру өтеді. Шерудің ұйымдастыру жұмыстарына бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінді. Шеру кезінде соңғы жылдары сатып алынған қару-жарақ пен әскери техниканың соңғы үлгілері көрсетіледі.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
