Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп әкімшілігі Гарвард университетін шетелдік студенттерді оқыту құқығынан айырды

Фото: Dylan Goodman/Instagram.com/harvard

АҚШ ішкі қауіпсіздік департаменті Дональд Трамп әкімшілігінің Гарвард университетін шетелдік студенттерді оқыту құқығынан айырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм Гарвард университетіне студенттермен алмасу бағдарламасын жүзеге асыру құқығын беретін сертификаттың күшін жою туралы шешім қабылдады. АҚШ-та оқуды жоспарлаған шетел азаматтары F немесе M санатындағы виза алуы тиіс. Мұндай визаны тек шетелдік студенттер мен алмасу бағдарламасына қатысушыларды қабылдауға сертификатталған (SEVP) оқу орындары ғана бере алады.

Бұл Гарвард университеті енді шетелдік студенттерді енді оқуға қабылдамайды деген сөз. Қазір оқып жатқан шетелдік студенттер басқа университетке ауыспаса, елде қалу құқығынан айырылуы мүмкін.

Университет деректеріне сәйкес, өткен оқу жылында Гарвардта шамамен 7000 шетелдік студент оқыған. Бұл — оқу орнындағы барлық студенттердің 27,2%-ы.

"Әкімшілік Гарвардты зорлық-зомбылықты, антисемитизмді қоздыруға және Қытай Коммунистік партиясымен байланыс орнатуға жауапты деп санайды. Университеттер үшін "шетелдік студенттерді қабылдау – бұл құқық емес, артықшылық" екенін және олар оқу ақысының жоғары болғандықтан пайда көріп отыр", – деді Кристи Ноэм. 

Гарвард университеті Трамп әкімшілігінің бұл әрекетіне заңсыз деп баға берді.

"Біз Гарвардтың 140-тан астам елден келген халықаралық студенттер мен ғалымдарды қабылдау қабілетін сақтау үшін барымызды саламыз. Олар университетімізді ғана емес, бүкіл елге өлшеусіз үлес қосады. Бұл кек алу әрекеті Гарвард қауымдастығына және елімізге елеулі зиян келтіруі мүмкін әрі университеттің академиялық және зерттеу бағытын әлсіретеді", – делінген университет мәлімдемесінде.

Сәуір айының ортасында АҚШ-тың Білім министрлігі Гарвардқа арналған федералды гранттарды тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Бұған университеттің ведомство қойған талаптарды, соның ішінде студенттер мен қызметкерлердің көзқарастарына аудит жүргізу туралы шартты орындаудан бас тартуы себеп болды.

Атап айтқанда, әкімшілік университеттен АҚШ-тың құндылықтары мен институттарына "жағымсыз көзқарастағы" шетелдік студенттерді қабылдамайтын жүйе әзірлеу талап еткен. Сондай-ақ антисемитизм мен жеккөрушіліктің басқа да түрлері байқалған бағдарламаларға сыртқы сарапшыларды тарта отырып аудит жүргізу міндеттелген. Университет бұл талаптарды орындаудан бас тартты. Осыдан кейін Трамп әкімшілігі Гарвардты арнайы салықтық мәртебеден және шетелдік студенттерді қабылдау құқығынан айырамыз деп қорқытты.

Университет бұл шешімге қарсы сотқа жүгініп, қаржыландыруды қалпына келтіруді талап етті.

Сәуір айының соңында Гарвард университеті екі есеп жариялады:

  1. Университет қауымдастығындағы антисемитизм мен Израильге қарсы көзқарастар туралы;
  2. Исламға қарсы көзқарастар жайында.

Екі есепте де кампустағы мәдениет пен университет басшылығының осы жағдайларға берген жауабы сынға алынған.

Есептер жарияланғаннан кейін Гарвард президенті Алан Гарбер университеттің студенттер мен оқытушылардың үмітін ақтай алмағаны үшін кешірім сұрады.

Бұған дейін АҚШ білім министрі Линда Макмахон Гарвард университетіне қоқан-лоқы көрсетіп, хат жолдаған. Университет шенеуніктің грамматикалық қателерін қызыл сиямен көрсетіп, әлеуметтік желіге жариялап жіберген еді.

 

Айым Болатқызы
Жұма, 23 Мамыр, 2025 10:25
Талқылау