“Тойдың ортасында үстелдер босап қалған”: Таразда мейрамхананың мәзіріне көңілі толмаған тұрғын төлеген ақшасын қайтарып алды
Фото: istockphoto.com
Таразда анасының мерейтойын өткізген тұрғын мейрамхананың сапасыз қызметіне шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тараз қаласының тұрғыны анасының 80 жас мерейтойын атап өту үшін мейрамханаға алдын ала тапсырыс берген. Отбасы мерекеге мұқият дайындалып, мәзірді бірнеше рет мейрамхана иесімен келісіп, тағамдардың сапасы мен мөлшеріне ерекше мән берген.
Алайда мереке күні ұсынылған тағамдар келісілген мәзірге мүлде сәйкес келмеген. Ыстық тағамдар дәмсіз, ет мөлшері тым аз болған. Әр үстелге бір ғана апельсин мен мандарин қойылған. Уәде етілген сазан балығының орнына мүлде басқа балық ұсынылған, танымал кондитерлік өнімдер белгісіз өндірушінің тәттілерімен ауыстырылған.
Тапсырыс берушінің айтуынша, тойдың ортасына қарай үстелдер босап қалған.
Қызметке көңілі толмаған жәбірленуші сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымданған.
“Мейрамхананың иесіне 200 мың теңге көлемінде келтірілген залалды өтеу туралы ұсыныс жасалғанымен, ол қызметтің сапалы көрсетілгенін айтып, бас тартқан. Мамандардың көмегімен талап арыз дайындалып, оған фото және видео айғақтар қоса тіркелді. Екі күн ішінде кәсіпкер тұтынушыға 150 мың теңге қайтарып берді”, – делінген сауда және интеграция министрлігінің хабарламасында.

Данна Қарағұсова кім: Ол ғарышқа ұшу үшін қанша төлейді
