Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Іш киімін шешіп, жерге жатып билейді": Қазақ тойының неге шырқы кетті

Қазақтың тойдағы ерсі билер мен қылықтарФото: Stan.kz 

Кейінгі жылдары желіде қазақтың тойынан видеолар жиі тарайды. Кадрларда жасына қарамай ерсі билеп, мәні күмәнді ойындарға қатысып жатқан қонақтарды көреміз. Мұндай көріністер тойдың сәні мен салмағына қатысты қоғамда түрлі сауал туғызды. Қазақ тойының бүгінгі беталысына кім жауапты? Қуанышты кешті жүргізетін асаба ма, әлде думанның қызуына берілетін қонақ па? Stan.kz осы сұрақтың жауабын анықтау үшін этнографпен тілдесіп, той жүргізушісінің пікірін де тыңдап көрді.

“Қазақтың тойы қашан бітеді?”

Желіде қазақстандықтар тойлардағы ойындарға қатысты жиі сын айтып жатады. Мәселен Ғани есімді қолданушы тойдағы би жарыстары – адам ойлап тапқан ең жаман дүние деп атады.

“Оны көріп, шапалақ соғатындарға да сөз жоқ. Тамадалар не жартыбас, не той жүргізу бағдарламасының деңгейінің төмен екенін осылай жапқысы келеді. Мұның кімге қызық екенін түсінбеймін”, – деп жазған ол.

Бұл жазбаға пікір қалдырғандарлың көпшілігі автордың ойымен келіскен.

“Қазақтың тойы қашан бітеді екен? Біздің қазақтың тойы қуаныш иесін де, қонақты да қинап жібереді. Тамада біреудің масқарасын шығармаса, әзілі өтпейді. Той қазақтың қазынасы емес. Біздің балаларымыз мақтаншақтықсыз, сыйлықсыз, артық адамсыз үйлену той өткізеді деп сенемін”, – деп жазған Ермахан есімді қолданушы. 

Тағы бір қазақстандық жақында бір тойды көргенде қатты көңілі түскенін жазды. Оның сөзінше, тамада қонақтарды үлкен экран арқылы көрсетіп, ойына келгенді айтып мазақ қылған. Ол қазақтың тойын –көзбояушылық пен мақтаншақтыққа теңеді. 

Ал Дәркен есімді қолданушы қазақтың тойы ата-аналардың понт жарыстыратын олимпиадасына айналғанын баса айтты.

“Қазақтың тойы – махаббат мерекесі емес, ата-аналардың понт жарыстыратын олимпиадасы. Шыны керек, біздегі кез келген жиын – ол басты кейіпкерлер үшін емес, “ел не дейді” деген көрінбейтін комиссияның емтиханынан өту үшін жасалатын сияқты”, – деп жазды ол.

Келесі Инеш есімді қолданушы неліктен тойды ұнатпайтынын ашып жазды. 

“Қазақ тойы – бұл менмендік. Ең бастысы – өзіңнің “ақсүйек” екеніңді, ең жоғары ортаға жататыныңды көрсету. Келген қонақтың бәрі “анау әкімнің туысы”, “мынау прокурордың баласы”, “президенттің күйеу баласы” болып шығады. Қазақ тойы – бұл обырлық. Үстелдер тағамнан майысып тұрады. Қойдың тұтас отары, ат сойылып, отқа тасталады. Еттің әкеліну рәсімінің өзін еске алыңызшы – бұл нағыз обырлықтың шеруі. Қазақ тойы – бұл даңққұмарлық. Ең қымбат әртістер, люкс көліктер, салтанатты залдар, асаба міндетті түрде драма театрының актеріндей болуы керек. Мұның бәрі Instagram сториске түсіп, міндетті түрде тікелей эфирге шығуы шарт”, – деп жазды ол.

Сондай-ақ ол кейбір қазақтың осылай “мақтану” үшін несие алып, қарызға бататынына ашуланды.

“Қазақ тойы – бұл қызғаныш. Кез келген қазақ тойының түпкі мақсаты – айналадағының бәрін қызғандыру. “Ең керемет той” деген атақ алу. Ең дұрысы, тойдың соңында барлық қонақтар жаппай қызғаныштан өліп кетсе – мақсат орындалды деген сөз. Қазақ тойы – бұл зинақорлық. Асабаның байқауларында бәрі солай билейді, Лас-Вегас стрип-клубтарының бишілері шетте тұрып, үнсіз тамашалайды”, – деп жазды ол.

Дегенмен бұл көзқарасқа қарсы шыққандар да жоқ емес. Нұржан есімді қолданушы тойды қазақтың қазынасы деп атады. Оның сөзіне тағы бір қолданушы қосылды.

“Қазақ тойдан шаршап келмеуі керек. Қазақ тойдан демалып, мүмкіндік болса рухани ем алып қайтуы қажет”, – деді ол.

Келесі қолданушы той бір күндік мереке ғана емес, ұрпақтың бірлігін бекітетін үлкен мектепке теңеді.

“Той – қазақ өмірінің айнасы. Бір шаңырақ астына бірнеше буын жиналып, ән шырқап, бата беріп, би билейді. Жақсы ғо”, – деп жазды ол.

Бұған қоса, тойдағы байқауда жеңу үшін барып салып билейтіндерді қолдайтындар да табылды.

“Біздің тойлар ер күшті, керемет өтетін жиын. Бәрі жақсы билейді”, “Ұнамаса, тойға бармай-ақ қойыңыздар. Маған, керісінше, тойдағы билер ұнайды, осылайша, туыстар жақындасатындай көрінеді”, “Маған ұнайды, тойдағы байқаулар мен билерді жақсы көремін”, “Қайта той осындай байқауларымен қызық емес пе? Өзім бірнеше рет қатысып, сыйлық ұтып алғанмын”, – деп жазды олар.

“Тойға келген қонақтардың да жауапкершілігі бар”

Осы тұста этнограф Бердалы Оспан да қазақтың тойындағы оғаш қылықтарға қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, қазаққа той жасама деу – қазақ болма дегенмен тең. Өйткені “той” дегеннің өзі – адамды тамаққа ғана емес, көңілді де тойдыру, рухани ләззат сыйлау деген мағына.

Маман қоғамда неліктен мұндай ұятсыз әрекеттердің көбеюін тәрбиелік бағыт әлсіреуімен байланыстырды. 

“Мысалы тойды қалай өткізу керек, қонақты қалай күту керек, сөзді қалай бастау керек, жөн-жоралғы қалай жасалады – осының бәрін түсіндіріп отыратын дүниелер қазір аз. Теледидардан да ондай танымдық хабарларды көп көрмейміз. Ал бұрын бұл тәрбие үлкендерден келетін. Аталарымыз, әжелеріміз көргенін баласына айтып, “былай істеу керек, былай жасау керек” деп үйретіп отыратын. Ол біздің әке-шешелерімізге жетті, енді біздің буынға келді. Қазір жасы жетпіске келген адамдардың балалары үйленіп, қыздары тұрмысқа шығып жатыр. Бірақ тойды қалай мәнді өткізу керек дегенде, көбінің нақты түсінігі жоқ. Той болатын кезде ғана “қалай өткіземіз?” деген сұрақ туады”, – деді ол.

Этнограф әдетте той тізгіні асабаға тапсырылатынын айтты. Ал ол өзі не біледі – соны ұсынады. Оның мақсаты – келген жұртты көңілдендіріп шығару.

“Қазақтың салтында “қонақтың көңілін табу” деген бар ғой. Бірақ сол көңіл көтерудің де мәдениетті жолы болуы керек”, – деді ол.

Алайда маман тойдағы оғаш дүниелерді тек асабаның мойнына арту дұрыс емес деп санайды. 

“Мұны “тамадалардың кесірі” деп айту дұрыс емес, “кесір” деген ауыр сөз. Оның орнына, кейде жеткілікті дайындықтың болмауынан, білместіктен кеткен қателік деген дұрыс. Негізінде асаба – жай жүргізуші емес, ол халықты мәдени жағынан бағыттаушы адам. Қалай мұғалім білім береді, дәрігер емдейді, инженер салады – сол сияқты асаба да рухани орта қалыптастырады”, – дейді ол.

Бердалы Оспанның айтуынша, асабалар ұлттық дәстүрді, рухани құндылықтарды жақсы білуі керек. Мәселен ерте кездерде тойда “той бастар”, “той тарқар” деген дәстүр болған. Оларға сәйкес, арнайы адам шығып, әулетті таныстырып, өлең айтып, үлкендердің еңбегін атап өтеді. Ал бүгінде мұндай дүниелер азайып кетті дейді маман.

“Қазақ бұрын тойда қалай көңіл көтерген? Қандай ойындар болған? Қандай сөздер айтылған? Соның бәрін зерттеп, бүгінгі заманға бейімдеп өткізу керек. Өйткені тойдағы тізгін – көбіне асабаның қолында. Той иесі тамақты ұйымдастырады, қонақты шақырады, ал мазмұнды бөлігін асаба жүргізеді. Сондықтан тойды тек күлкіге айналдырмай, мазмұнды ету маңызды. Көңілді етудің де мәнді жолы бар”, – дейді ол.

Дегенмен этнограф бәріне тамаданы жауапты етуден аулақ екенін ашық айтып, қуанышқа ортақтасуға келген қонақтың да өз жауапкершілігі барын еске салды. 

“Тағы бір мәселе – тойға келген қонақтардың да жауапкершілігі бар. Кейде асаба бір ойын ұсынса, жұрт сыйлық аламыз деп, ойланбастан шыға береді. Сол кезде ерсі көріністер туындайды. Ал шын мәнінде, адам қаламаса, қатыспауына болады ғой. Той – тек ұйымдастырушының емес, бүкіл жиналған жұрттың мәдени деңгейін көрсететін орта, сондықтан әр әрекетіміз – ұлттың бейнесі”, – деді ол.

Бердалы Оспан жаңашылдыққа, оның ішінде заманауи ән мен биге қарсы емес екенін алға тартты. Бұған қарамастан, ол ұлттық негіз сақталуы керек деп есептейтінін жасырмады. 

“Тойдың кем дегенде жартысы қазақы мазмұнда өтсе, соның өзі жеткілікті. Домбыра да болсын, халық әні де айтылсын, салттық элементтер де көрсетілсін. Біз ұлттық мемлекетпіз, өз мәдениетімізді дәріптеуіміз қажет. Той – сол мәдениетті көрсететін ең үлкен алаңдардың бірі”, – деді ол.

Этнограф әңгіме соңында той өткізетін адам мен асаба алдын ала ақылдасып, қандай бағдарлама, ойын болатынын келісіп, ненің жарасып-жараспайтынын шешіп алғаны жөн екенін жеткізді. 

“Сонда той да сәнді, мазмұнды, тәрбиелік мәні бар жиынға айналады”, – деп түйіндеді ол.

“Қазір хайп қуған заман”

Қазақстандықтар мен кәсіби маманның пікірін тыңдағаннан кейін, айтылған айыптауларға қатысты ойын білу үшін Stan.kz асаба Есентемір Ерболұлымен тілдесті.

Тамада әу бастан тойда әдепсіз ойын ұйымдастыруды қолдамайтынын айтты. 

Менің той жүргізіп жүргеніме он жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт ішінде бір ұстанымым өзгерген емес – тойда әдепсіз, арзан күлкіге құрылған ойындарды қолдамаймын. 2016–2017 жылдары бұл салаға алғаш келген кезде әлеуметтік желілер қазіргідей қарқын алған жоқ еді. Ол кезеңдегі асабалардың сөз саптауы да, өзін ұстауы да, қонақпен жұмыс істеуі де мәдениетке негізделетін. Өкінішке қарай, тойды қызықты өткізу үшін біреудің әйелімен не күйеуімен билетіп, даяшыны құлатып, анайы, бейәдеп ойындарды қоятын әріптестерім бар”, – деді ол.

Дегенмен мұндайға баратын әріптестерінің барын да мойындады.

“Өкінішке қарай, бүгінде тойды “қызықты өткіземіз” деген желеумен біреудің жұбайымен билетіп, даяшыны құлатып, анайы көріністер ұйымдастыратын әріптестерім бар екенін де айта өткен жөн. Қазір хайп қуған заман. Қаралым үшін жұмыс істейтін блогерлер көбейген сайын кейбір асабалар да соларға еліктеп, өзін шағын блогер ретінде көрсеткісі келеді. Салдарынан тойдағы ойындардың мазмұны жеңілдеп, кейде әдеп шегінен асып жатады. Мұндай әрекет арқылы олар танымал болуды, тапсырысты көбейтуді көздейді”, – дейді ол.

Асабаның айтуынша, әдетте той иесі асабаға “той жоғары деңгейде өтсін” деген талап қояды. Осы жауапкершілікті сезінген жүргізуші кейде жұртты күлдірудің оңай жолын іздеп, түрлі даулы ойындарға барады.

“Қазір асабаның да түр-түрі бар: тәжірибелі, кәсіби мамандар да, енді бастап, тез танылғысы келетіндер де кездеседі. Соңғыларының арасында хайпқа жұмыс істейтіндері жоқ емес”, – деді ол.

Дегенмен ол мәселенің екінші жағын да ескеруге шақырды. Маманның айтуынша, егер халық өзі құптамаса, тұрпайы ойындар өздігінен-ақ тоқтайды.

“Тойға келген қонақ көңіл көтеремін деп, әсіресе ішімдік ішілген ортада, кейде ұсынылғанның бәріне келісіп жатады. Ал кез келген ойынға қатысудан бас тартуға да болады. Қонақ та өз әрекетіне жауапкершілікпен қараса, асаба да шектен аспайды”, – дейді ол.

Есентемір Ерболұлы халықтың көңілін арзан әзілсіз-ақ көтеруге болатынын айтады. Мәселен өзі жасанды интеллект көмегімен де түрлі танымдық, қызықты ойындарды әзірлеп жүрген көрінеді.

“Қазір цифрлық дәуір – жаңа технологияларды, заманауи форматтарды пайдаланып, мазмұнды, мәдениетті бағдарламалар жасауға толық мүмкіндік бар”, – дейді ол.

Бұған қоса, асаба да этнограф Бердалы Оспанның асаба мен той иесі алғашқы кездесуде-ақ бағдарламаның мазмұнын нақты келісіп алуы керек пікірімен келісті. Оның сөзінше, той иелері де “бізге бейәдеп ойындар қажет емес” деп талап қойғаны жөн. Сонда ғана қазақ тойының мазмұны жұтаңдамай, қайта тәрбиелік мәні бар, мәдени ортаға айналады дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін тойдаңы қонақтарды даяшыны құлатып, аяқкиімін шешіп алуға итермелеген ойын көпшіліктің ашуын туғызғаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 24 Ақпан, 2026 21:42