Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тосынсый жасап келген: Димаш Құдайберген Роза Рымбаеваға тағзым етті

Димаш Құдайберген Роза Рымбаеваға тағзым еттіФото: Видеодан скриншот

Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваға сахна төрінде тағзым етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанның Халық әртісі, қазақ музыкасының айнымас символына айналған Роза Рымбаева шығармашылық жолының жарқын сәттерін қорытындылайтын 50 жылдық есеп беру кешін өткізді. Республика сарайында өткен ауқымды концертте еліміздің бірқатар танымал әншілері өнер көрсетті. Ал әнші Димаш Құдайберген тосынсый жасап, өнер иесін арнайы құттықтап келген.

Концерт барысынан сәтті Тимур Балымбетов әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Димаш жылы лебізін білдіріп, Роза Рымбаеваны үлгі әрі ұстаз деп атады.

“Асқақ өнері үшін, ұлтына қосқан елеулі үлесі үшін Роза Қуанышқызына мың мәрте рақмет айтып, тағзым еткім келеді. Неге десеңіздер, жастайымнан Роза апайымыз бізге рухани тұрғыда ұстаз болып, үлкен үлгі көрсетті. Артыңыздан еріп, сізбен бірнеше мәрте сахна бөліскен өзімді ерекше бақытты жан санаймын. Жасай беріңіз! Сіздің сахнада жүргеніңізді 50 жыл толыпты, дауысыңызбен әлемге нұр шашып жүре беріңіз”, – деді Димаш.

Димаш құрмет пен алғыс белгісі ретінде әншіге тағзым етті.

Айта кетейік, бұған дейін Роза Рымбаева өзін 8 жыл бойы сахнаға шығармай, өнерден алыстатқан әкімді есіне алғаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 09 Ақпан, 2026 13:05