Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тамақты ұнатпағаны үшін: Түркістан облысында балалар үйінің тәрбиеленушісін психиатриялық диспансерге жауып тастамақшы болған

Түркістан облысында ата-ана қамқорлығынан айырылған жасөспірімнің оқиғасы жұртты дүр сілкіндірді. 16 жастағы бозбала психиатриялық орталықтың дәрігерлері мен интернаттың тәрбиешілерінен көрген бар қорлықты айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.  

интернат

Бұл туралы "Қорғау" қоғамдық қорының өкілі Гүлмира Сембиева жазды. 

Айтуынша, бозбала тәрбиешілер дұрыс тамақ бермегенге ашуланып, ыдысты сындырып тастаған екен. Бұған шыдамаған қызметкерлер психиаторларды шақырып жасөспірімді диспансерге жауап тастамақшы болған. 

Алпамыс (есімі өзгертілген) дәрігерлермен болған әңгімені диктофонға жазып алуды жөн көрген, өйткені кейін ол өз айтқандарын дәлелдей алмайтынын білген. 

"Олар маған еш уайымдамай, маған ашылып, сырыңды айта бер деді. Мен бірақ оларға сенуден қалдым. Себебі психиаторлар мені талай рет алдап, ем орталығына жатқызып тастады. Ондағы сұмдық өмірімді айтпай-ақ қояйын. Бұл жақтағы санитарлар 5-6 жастағы бүлдіршіндердің өзін ұстап тұрып, қамшымен сабап тастайды. Жатқызып алып, аузыңа күштеп дәрі егіп, төсекке байлап тастайды. Сол себепті мен ол жаққа қайта оралғым келмейді. Тәрбиешілер болса, бізді жамандап, өзіне қол жұмсамақшы болды, кішкентай балаларды ұрды, терезені сындырды, сотқар деп теріс мінездеме жазып береді. Ал біз керісінше, өзімізден кіші балалар үйінің тәрбиеленушілерін қорғайық десек те мекеме қызметкерлері бұл қылығымызды жақтыртпайды", - дейді Алпамыс. 

Ол психиаторлармен әңгіме барысында өзінің қорқып тұрғанын көрсеткісі келмегенін айтады. Сөзінше, әсіресе, диспансерлердегі ауыр психотропты дәрілер жаман екен. Өйткені олар, ең бірінші кезекте, миға кері әсерін тигізеді дейді ол. 

Алпамысқа есі кем және психиологиялық дамуында кемістік бар деген диагноз қойылыпты. Бұған қоса ол артрогрипоз пен ДЦП-ға шалдыққандықтан дұрыс жүріп-тұра алмайды. 

"Маған берген тапсырмалары бірінші сыныптың оқушысының пәндерінен алынған. Оны жаңғақша шағып берсем де мені есі дұрыс емес деп жазып берді", - деп айтыпты ол.  



Алпамыс кітап оқыған ұнайтынын айтқан. Бос уақытында ол өзін дамыту үшін "Вавилондағы ең бай адам" (Дж. Клейсон), "Бай әке және кедей әке" (Р. Киосаки) сынды кітаптарды қайталап оқып тұрады екен. Болашақта бай болып, қиыншыларды жеңгісі келетінін жеткізіпті. Сонымен қатар ол танымал кәсіпкерден тәлім алғысы келетінін айтады. 

31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасының журналистері бозбала интернатта берген тамағын видеоға түсіріп, блогерлерге жібергенін мәлімдеген. Арнаның хабарлауынша, жағдай осыдан кейін барып ушыққан. 

Балалар омбудсмені Аружан Саин бұл жағдайға байланысты пікір білдірді. 

"Біз еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен Түркістан облысының әкімдігімен бұл интернатты қадағалап отырмыз. Тезірек бұл жергілікті басқару орны елордаға өтіп, кәсіби мамандармен қамтамасыз етіледі деген үміттеміз. Олар балаларға мейірімділікпен қарайды деген ойдамыз. Прокуратура мен жемқорлыққа қарсы қызмет органдары бұл жаққа тексеріс жіберуі қажет", - деді ол. 

Айта кетейік, бұған дейін де тағы бір интернат тәрбиеленушісі осындай қорлық көргенін айтыпты. Сөзінше, ол жеті жасынан 18 жасына дейін психиатриялық диспансерде өткізген екен. Қазір ол колледж бен университет бітіріп үлгерген. 

Талқылау