Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бұзық балаларды педофилдердің тәрбиесіне беріп отырған: Жағаұстатарлық тәжірибе жайлы не белгілі

Германияда үлкен қылмыстың беті ашылды. Неміс ғалымдары психология және педагогика профессоры Гельмут Кентлердің жұмыстарына тексеру жүргізіп, жағаұстатарлық жайттарды анықтады. Беделді зерттеушінің жүргізген тәжірибесі барысында бейкүнә балаларды педофилдердің қамқорлығына беріп келгені әшкере болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Сұмдық зерттеу нәтижелері тек профессор қайтыс болған соң ғана жария болыпты. Бұған қоса маманның бұл жұмыстарына Берлин үкіметі көз жұма қарағаны анықталған. 

Неміс психологы Гельмунт Кентлер балалармен тәжірибе жұмысын 1960 жылдары бастаған. Ол балалар үйінің 13-15 жастағы тәрбиеленушілерін педофилдердің қамқорлығына беріп отырыпты. Ғалым осылайша мұндай ата-аналардың "балаларға деген махаббатын" дәлелдегісі келген. Сонымен қатар ол бұзық балаларды ел қатарына осылай қосайын депті. 

Тек 2016 жылы ғана Берлин сенатының білім беру, жастар және отбасы департаменті аты шулы зерттеуді тексеруге бел буған. Ең сорақысы, Хильдесхайм университетінің мамандары бұл жағдайға Берлин билігі қарсы тұрудың орнына профессордың қолтығына су бүркеп отырғанын айқындаған. Тіпті, педофил әкелер мемлекет тарапынан ақшалай көмек алып отырса, Германия астанасының үкіметтік сенаты ұятсыз ғалымның жобасын көлегейлеп келген. 

Тексеріс барысында білім беру орталықтары мен үкіметтің ұйымдасқан құйтырқы әрекеттері әшкере болған. Кейбір өгей әкелердің беделді институт пен университеттердің оқытушылары екені анықталыпты. Сонымен қатар бірнеше жыл бұрын үлкен дауға іліккен Гессендегі Оденвальд мектеп-интернатының бұл іске қатысы бар болып шыққан. Мұнда отыз жыл ішінде 900-ге жуық оқушы педофилдердің құрбанына айналған. 

Кентлер педофил әкелер мен олардың өгей балаларымен байланыс жасап жүрген. Профессор ешқашан да жазаға ілікпеген. Оның себебі зорлық көрген балалар болған жайт жайлы айтып бастаған кезде қылмыстың мерзімі ескірген деп танылып, Кентлер сытылып шығып жүрген. 

Кентлер

Гельмут Кентлер

Ең алғаш Кентлер тәжірибесінің шет жағасы 2016 жылы жарыққа шыға бастаған. Алайда тексеріс жүргізген мамандар ел үкіметінің істің ашылуын қаламай отырғанын айтыпты. Тек содан кейін ғана Берлин билігі мәселенің мән-жайын жария етуге дайын екендерін мәлімдеген. 

Тергеу жалғасын тауып, осындай педофил әкенің тәрбиесінде болған екі ер азамат анықталыпты. 

"Біздің өмірімізге бала күнімізде балта шабылды. Мен тоғыз жасымда педофилдің тәрбиесіне жіберілдім", - дейді профессордың тәжірибесінің құрбаны Марко. 

Бұған қоса Марко онымен бірге тағы бір бала Свен де осы отбасыда тәрбиеленгенін айтады. 

Кейін анықталғандай, бала өзінің өгей әкесінен көрген озбырлығын бірнеше рет айтып шағымданған, алайда жеткіншектің отбасылық жағдайына жауапты Берлин билігі оның сөзіне құлақ аспаған. 

Педофилдің тәрбиесінде болған Свен мен Марконың мемлекеттің тарапынан көрген әділетсіздігі үшін ел үкіметіне сенімдерінің таусылғандарын айтыпты. Алайда кінәлілер жазасын тартсын деген ниетпен олар күресуді ешқашан тоқтатпадық дейді. 

Айта кетейік, балаларды жыныстық қатынасқа тартқан олардың өгей әкелері де, бұған бастама болған профессор да осы уақытқа дейін қайтыс болып кетіпті. 

Тексеріс жасағандардың қолдарына құжат түскен. Осы қағаздар арқылы Свен мен Марконы тәрбиелеген ер азаматтың қамқорлығына 1973-2003 жылдар аралығында тағы сегіз ұл бала берілгені анықталған. Бұған қоса профессор аталмыш қолжазбада тәжірибе барысында жеткен "жетістіктерін" жазып отырған. Сондай-ақ ол жергілікті биліктің ризашылығын алғанында да ескеріпті. Ал балаларды қамқоршының тәрбиесіне берер кезде ересектің педофил екені ешкімді алаңдатпапты. 

Бірнеше жыл бұрын тәжірибеге іліккен тағы бір Ульрих есімді азамат педофил әкенің құрбаны болғанын айтыпты. Ол сауатсыз және кәмелетке жасына толмаса да тәнін саудалап келген екен. Ал озбыр әкенің тәрбиесін көрген ол туралы Кентлер төрт жылдан кейін жеткіншектің түзелгенін және есірткі қолдануды тастағанын жазыпты. 

Профессордың ісін тексерген мамандардың айтуынша, Кентлердің өзі гомосексуал болған көрінеді. Ол үш баланы бағып алып, өсіріп шыққан. 

Кентлердің ісінің артында Германияны шулатқан тағы бір жайт жатқаны белгілі болыпты. Сол жылдары Германия мен көршілес мемлекеттерде балалар жаппай жоғала бастаған. Тексере келе бала саудасына да профессордың қатысы бар болуы мүмкін екені анықталыпты. 

Тағы бір мәселе, Кентлер осы тәжірибелеріне негіздеп, кітап жазып шығыпты. Оның бұл еңбегін Германиядағы дүкен сөрелерін табуға болатын сыңайлы. Бағасына қарап кітаптың сұранысқа ие екенін аңғаруға болады. Ал осыншама қылмыстар жасаған ғалымның педагогикадағы және психологиядағы жетістіктері үлкен күмән туғызады. 

Тексеру жүргізген сарапшылар педофилдер осылайша бұл қылмысты заңдастырмақ болды деген пікірде. Бұған қоса олар зардап шеккен әрбір балаға қаншама уақыт өтсе де міндетті түрде өтемақы төленетінін жеткізді. 

Талқылау