"Төсек астындағы құбыжық" шынайы болып шықты: Күтуші балалар бөлмесінен ер адамды тауып алды
Американың Канзас штатында бала күтуші баланың төсегінің астынан ер адамды тауып алды. Балақай күтушісіне төсегінің астында "құбыжық" бар деп шағымданған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Legion-Media
Бала күтуші полицияға оқиғаның мән-жайын баяндап берген. Ол балаларды ұйықтатқалы жатқанда, олардың бірі төсегінің астында біреудің бар екенін айтып шағымданған.
Баланы тыныштандыру үшін төсектің астын тексермек болған күтуші бейтаныс ер адаммен бетпе-бет кездесіп қалған. Олардың арасында қақтығыс болып, балалардың бірі құлап түскен. Оқиға орнына жергілікті уақытпен 22:30 шамасында полиция шақырылған. Күдікті қашып кеткенімен, келесі таңертең сол маңайдан табылып, қамауға алынды.
Оның 27 жастағы ер адам екені анықталды. Ер адам бұрын осы үйде тұрған, алайда сот оған бұл жерге жақындауға тыйым салған. Бұл шешім оның отбасы мүшелерін зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында қабылданған.
Күдікті бірнеше ауыр айып бойынша тұтқындалды. Соның ішінде ауырлататын жағдайларда адам ұрлауға әрекеттену, заңсыз үйге кіру, бала өміріне қауіп төндіру, құқық қорғау органының қызметкеріне кедергі келтіру және зорлық-зомбылық құрбанын қорғау туралы сот бұйрығын бұзу.
Фото: 27 жастағы Мартин Вильялобос Джуниор тұтқындалып, Бартон округінің түрмесіне жеткізілді. (Бартон округінің шериф басқармасы)
Ер адам сотқа дейін 500 мың доллар (251 715 000 теңге) көлеміндегі кепілдікпен бостандыққа шығу мүмкіндігіне ие.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Павлодарда көпқабатты үйдің кіреберісінде белгісіз ер адамның кішкентай балаға шабуыл жасағаны түсірілген видео тарады. Мектеп оқушысын курьер құтқарып алған. Балаға шабуыл 19 наурызда жасалған. 2016 жылы туған мектеп оқушысы үйіне қайтып келе жатқанда оның артынан бейтаныс ер адам еріп келген. Сол сәт бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Ер адам баламен бірге кіреберіске енген. Сол кезде ғимаратқа курьер кіріп, жағдайды бақылап, баланы құтқаруға тырысқан. Төбелестен кейін ер адам баланы босатып, қашып кеткен.