Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Торт дауы: Сот блогер Аселина Батырды кондитерге 300 мың теңге төлеуге міндеттеді

Фото: instagram.com/ya_aselina

Астанада торт ісі бойынша сот үкімі шықты. Кондитер блогерді толық ақы төлемегені үшін сотқа беріп, сонымен қатар өзін қорлағаны үшін өтемақы талап еткен еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сот шешімімен кондитердің талабы ішінара қанағаттандырылды. Судья блогерден торт үшін 200 мың теңге қарызды өндіріп алуға шешім шығарды.

Ал ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіргені үшін өтемақы сомасы 3 миллион теңге емес, 100 мың теңге болып белгіленді. Сондай-ақ блогер кондитерге айтқан қорлаулары үшін әлеуметтік желілерде ресми түрде теріске шығару жариялауға міндеттелді.

"Тапсырысты қабылдау кезінде тараптар баға туралы нақты келісімге келмеген. Хат алмасуларға сәйкес, тортты тапсырар алдында талапкер бағасын нақтыламаған. Бірінші күні-ақ жауапкер төрт қабатты торт қанша тұрады деп сұраған, бірақ оған жауап берілмеген. Талап арызбен бірге талапкер чектер мен түбіртектерді қоса ұсынып, жұмыс құны 440 мың теңге екенін, қалған ақшаны өз қалтасынан жұмсағанын көрсеткен. Алайда сот бұл құжаттарды қабылдамады, себебі жұмыстың нақты өзіндік құнын анықтау мүмкін болмады. Құжаттарда толық дерек жоқ, ал чектер кейін берілген", – деді судья.

Еске сала кетейік, дау кондитер Нұршат Акбергенова мен блогер Аселина Батыр арасында шыққан. Нұршаттың айтуынша, тапсырыс беруші "ең үлкен және ең әдемі торт" жасауды сұраған, бірақ баға туралы нақты келіспеген. Десерттің өзіндік құны 350 мың теңге болса, жұмысшылардың еңбегін қосқанда жалпы сома 600 мың теңгеге жеткен. Кондитер торт әзірлеу кезінде 150 мың теңге алдын ала төлем сұраған, бірақ небәрі 100 мың теңге ғана алғанын айтады. Ал тапсырыс дайын болған соң Аселина Батыр қалған соманы төлеуден бас тартып, "баға шамамен 300 мың теңге болады деп ойладым" деген уәж айтқан. Бұл оқиға Қазақстанда ғана емес, шетелдік әлеуметтік желілерде де қызу талқыланды.

Айта кетейік, бұған дейін Астана қалалық соты блогер Аселина Батырдың мәлімдемелеріне филологиялық сараптама тағайындаған еді. Блогерге 600 мың теңгеге торт жасаған кондитер одан 3 миллион теңге моральдық өтемақы талап етті. Аселина Батырдың адвокаты торттың құны 150 мың теңге екенін айтты.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 29 Қазан, 2025 14:21
Талқылау