Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанай облысында 174 үйді су басып, 676 адам эвакуацияланды

Орталық коммуникациялар қызметіндегі республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев Сергеев су қоймасындағы су деңгейі төмендеп келе жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pkzsk.info

Осы сағатта су 179,5% толып тұр, 412 см тасып жатыр. Бұл кешегі күнмен салыстырғанда 13 см төмен. 

“103 үйдің 76-сы су астында қалды. 676 адам эвакуацияланды, 44 адам үйге қайтарылды. 174 үйдің маңын су басты", – деді спикер.

Ұлытау, Түркістан, Қарағанды және Павлодар облыстарынан және Алматы қаласынан ТЖМ күштері келді.

“59 жолды су шайған, оның 19-ы белсенді жол еді. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр.  
Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданы елдімекендерінің айналасындағы қорғаныш үйінділерін нығайту жалғасып жатыр”, – деп атап өтті әкім орынбасары.

Сонымен қатар спикердің сөзінше, Қостанай облысының негізгі су қоймаларында су ағызу баяулатылған. 

Өңірде су тасқыны жағдайы тұрақталды. Қаратомар су қоймасында су ағызу секундына 1 600 текше метр болды. Жоғары Тобыл және Желқуар су қоймаларында су ағызу төмендегені байқалады. Қарасу ауданындағы Тімтуір, Құндызды және Қарасу өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуі тәулігіне 7-ден 81см-ге дейін жетті.

"Облыстың оңтүстік бөлігіндегі Торғай, Дәмді және Қабырға өзендерінде су деңгейі әлі де жоғары. 161 жеке тұрғын үйді су басты. Судың басуына байланысты 27 елді мекен әлі күнге дейін электрмен жабдықтаусыз қалып отыр. Республикалық маңызы бар 4 және облыстық маңызы бар 3 автожол жабылды. Көлік қатынасы жоқ 10 елді мекен бар", – деді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов.

Халық азық-түлікпен және дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген. Су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына көмек көрсету жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір 620 отбасына 114,4 млн теңгеге әлеуметтік көмек төленген.

Бұған дейін алдағы күндері Петропавлға үлкен су ағыны келу қаупі жоғары екені айтылды. Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов ағынды су көлемі шамамен 2,5 млрд текше метр екенін айтты. 

Талқылау