"Тоңазытқыш тасып жүрмін": "Мақсат пен Мақсат" тобының әншісі Мақсат Ынтықбаев ел алдына шықты
2005 жылдары хит әндердің орындаушысы “Мақсат пен Мақсат” тобының солисі, композитор Мақсат Ынтықбаев ел алдына шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Бағдарламадан скриншот
Өнер иесі “Астарлы ақиқат” бағдарламасына қонақ болып, бүгінгі өмірін баяндап берді.
“Сахнадан кеткеннен кейін бір жарым жылдай жүк тасушы болып жұмыс істедім. Соңғы істеген жұмысым да базарда жүк тасушы болды. Оған дейін күзетші де болдым. Құрылысшы да болып көрдім. “Есектің артын жусаң да, мал тап” деген мақалды мықтап ұстанамын. Тойды күтіп жатсам, бала-шағама кім тамақ тауып береді. Одан үйде отырсаң, әйеліңмен ұрыссасың. “Еркек болып үйде жатырсың” деп ренжиді. Содан “екі қолға бір күрек табылады” деп ерінбей еңбек етіп жатырмыз. Екі күн бұрын ғана тағы жұмыстан өз еркіммен кетуге мәжбүр болдым. Тоңазытқыш тасып жүр едім. Екі-үш жігіт бірігіп, тапсырыс алып, соларды жеткіземіз. 250-300 келі тоңазытқышты көтеру оңай да емес. Одан кейін әкем ауырып жатыр. Ауылға баруға тура келді”, – деді әнші.
15 жыл бұрын хит әнімен танымал болған аталған топтың мүшесі бүгінде өнердегі достарымен араласып тұратынын жасырмады.
“Мақсат пен Мақсат” тобы тарағалы 15 жыл өтті. Мақсатпен күн сайын хабарласып тұрамын деп айтпай-ақ қояйын. Анда-санда хат-хабар алмасып тұрамыз. Біз ешқандай ренішсіз тарастық. Арамызда бірде бір рет ұрыс-керіс болған емес. Ақшаға келіспей қалу да болған емес. Осыдан екі ай бұрын Мақсатпен жолықтық. Әпкесінің тойында өнер көрсеттім”, – деп жауап берді өнер иесі.
Айта кетейік, бағдарламаға топтың мүшесі болған Мақсат Мырза да қонақ болып, қос әнші “Сол жылдар” әнін шырқады.