"Оқыған, тоқыған": Тәуекел Мүслім су жаңа сүйіктісі туралы айтты
Белгілі актер Тәуекел Мүслім қашан үйленетінін және болашақ жарына қандай талаптар қоятынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі «Ережесіз әңгіме» бағдарламасына сілтеме жасап.
Талай қыздың арманы болған Тәуекел Мүслім жеке өмірінде уақытша үзіліс жасайтынын жеткізді. Актердің айтуынша, алдағы екі жылдың көлемінде шаңырақ құру жоспарда жоқ. Ол алтыннан бағалы уақытын білім алуға жұмсауды жөн көрген.
«Бір жағынан бұйырғаны болады деп айтамыз. Екінші жағынан бір-екі жылдай жеке өмірге үзіліс беріп, оқумен, өз-өзімді шыңдаумен айналысамын. Шетелге шығып білім алсам деймін. Жақындарыма да, анама да асықпаңыздар деп айттым», - дейді актер.
Өнер иесі сүйіктісі барын да жасырмады. Көңілі түскен ару актердің ойынан шығатын көрінеді. Одан әрі Тәуекел Мүслім сүйіктісі туралы айтып берді.
«Сүйіктім бар. Аты - Айтұрған. Әлеуметтік желілерде таныстық. Оқыған, тоқыған жақсы қыз, толыққанды өзімнің көңілімнен шығады. Бірақ үйленеміз бе, жоқ па бір Алла біледі. Анаммен таныстырдым. «Өз өмірің болғаннан кейін өзің көр» деді. Бірақ әзірге үйленетін жоспар жоқ», - деді Тәуекел.
Анасының пікірін қатты құрметтейтін жігіт ол кісінің көңілінен шықпаса, үйленбейтінін де жасырмады. Тәуекел үшін болашақ жарының отбасына деген сыйластығы маңызды көрінеді.
«Бастысы анамды, туысқандарымды және өзімді сыйлайтын адам болса. Оған қоса анам да, әпкем де тамақты дәмді дайындағаннан кейін ас үйге де икемді болғаны маңызды. Жұмысымды жақсы түсінетін, қызғанбайтын қыз болса, тіпті, керемет. Жар таңдауда анаммен ақылдасамын. Ол кісінің ойы бірінші орында тұрады. Анам қаласа ғана үйленемін», - дейді Тәуекел Мүсілім.