Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Төлегенім алыс сапарға кетіп еді, енді Бекежаным да алыс жолға аттанды – Меруерт Өтекешова

Меруерт Өтекешова сөз сөйледіФото: Видеодан скриншот

Қазақ киносының жауһары “Қыз Жібек” фильмінде Жібектің рөлін сомдаған Меруерт Өтекешова Асанәлі Әшімовті ақтық сапарға шығарып салу рәсімінде сөз сөйледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентігі хабарлайды.

Актриса марқұмның қазасын театр үшін орны толмас ауыр қаза деп атап, Асанәлі Әшімовтің есімі ел жүрегінде мәңгі сақталатынын айтты.

“Бұл – театр үшін орны толмас қайғы. Біздің сүйікті Асанәлі ағамыз алыс сапарға аттанды. Бірақ ол жүрегімізде мәңгі қалады. Халық оны ешқашан ұмытпайды. Асанәлі ағаның ойнаған рөлдері де, түскен фильмдері де, сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз”, – деді Меруерт Өтекешова.

Оның айтуынша, Асанәлі Әшімов өнер жолының басында жүрген шағында өзіне аға, ұстаз әрі дос ретінде көп демеу болған.

“Маған Асанәлі аға аға ретінде де, актер, ұстаз, дос ретінде де көп көмек көрсетті. Өнер жолын енді бастаған кезімде мен өте жас едім. Төлегенім алыс сапарға кетті, енді Бекежаным - Асанәлі аға да бүгін алыс жолға аттанды. Енді олар жоғарыда бір-бірімен қауышып, бізге жұлдыздай қарап, қамқорлығын көрсететін шығар. Әттең, бір жыл жетпей қалды. Келесі жылы театрымыздың 100 жылдығы тойланады. Қалай болғанда да, Асанәлі ағаның орнын ешкім баса алмайды”, – еді Меруерт Өтекешова.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда Асанәлі Әшімовті соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өткені хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Сейсенбі, 23 Желтоқсан, 2025 12:44