"Тоқтарды оқудан шығармай алып қалғанмын": Айгүл Елшібаева 30 жыл бұрынғы естелікті бөлісті
Танымал дәстүрлі әнші, жыршы Айгүл Елшібаева студент кездегі естелік фотоны көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/aigulyelshibayeva01/
Өнер иесі 1994 жылы студент шақтарында туған күн жасаған кешін есіне алды.
“Күзде туған Тоқтар мен Мейрамбектің “18 жас” деп, жасаған туған күндерінен естелік. 1994 жыл. Алматы қаласы. Тоқа жасарғысы келді ме, 19-ға толса да, жоғарыға “18 жас” деп жазылғаны, әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалды.
Кешір мен жан саулем кешір мені.
Әлдилейді махаббаттың кеші мені,
Сен кетерсің біреумен қол ұстасып,
Менің де бір тағдырым шешіледі” – деп өлең жазғалы жүрген кезі. Мейрамбектің “Дастарханда кока-кола фантамен кездесіп қап,
“Огурцы мен помидор” сырласқандай” – деп айтысатынын қалай ұмытайық?!
Ол кезде жегеніміздің бәрі халал, ішкеніміз юпи мен зуко еді”, – деп жазды әнші.
Сонымен қатар Тоқтар Серіковті қалай оқудан шығармай алып қалғанын да айтып берді.
“Тоқа бір күні қызық естелік айтты, өзім ұмытып қалыппын.🥸”Мені оқудан шығайын деп тұрған кезінде, Айгүл ректордың кабинетіне кіріп, мәселемді шешіп, оқудан шығартқызбай аман алып қалды” дейді. Ой Алла-ай, студент болсам да, ректордың кабинетіне қорықпай кіріп мәселелерді шешіп жүрген не деген батырлық, деймін да?! Бірақ, өзімнің шаруама келгенде ректордың кабинетіне кіруге қорқып, аруағым жүрмей қалатын. Өзіме келгенде аяғым баспайтын не деген батырлық?! Сендер де сондай ма?! Жай, осы оқиға есіме түсіп кетті”, – деп күлдірді әнші.
Еске салайық, "Иманғали Тасмағамбетов қызметтік ұшағын берді" деп Айгүл Елшібаева Парижде өткен ақындар айтысынан естелік бөліскен еді.