"Тоқал алып оңған адамды көрмедім. Соның бірі - менмін": Омар Жәлел қателескенін мойындады
Фото: https://www.instagram.com/omarjaleluly_official_page?
Абайтанушы, филолог Омар Жәлел әлеуметтік желідегі парақшасында тоқал тақырыбына қатысты өз ойын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Филологтың сөзінше, ер адамның тоқал алғаннан бағы жанып кетпейді. Ол әдетте адамдардың нәпсі қуалап кететінін, ал ұрпақ керек болса, бір әйелден де өрбітуге болатынын жазды.
“Тоқал жайлы әңгіме - былжырақ әңгіме. Менің айналамда тоқал алып оңған адамды көргенім жоқ. Соның бірі - менмін. Біз әдетте нәпсінің қалауын ұрпақ, отан, т.б. биік ұғымдармен көлегейлейміз. Ұрпақ керек болса, - бір әйелден де өрбітуге болады. Нәпсіңе ие болсаң, энергияңды сыртқа шашпасаң - ұрпағың көп болады.
Бұрын тоқал алу - қажеттілік болған, қазір - нәпсінің қалауы, құмарлық, қала берді - мақтан. Бұрын мен осы мәселені көп көтердім. Айттым. Айтқан нәрсе міндетті түрде жүзеге асады екен.
Ұрпақ дедік. Негізгі ұранымыз осы болды. Бірақ берекені ойламадық. Ойлауға шамамыз да болмады. Басы қатты нәпсімізді тоқтата алмадық. Қайратымыз жетпеді”, – деп жазды ол Facebook-парақшасында.
Абайтанушы бұған дейін “тоқал алу керек” деген ойы мен насихатының қателік болғанын мойындап, оның кесірінен отбасы бұзылғандардан кешірім сұрады.
“Үлгісіздіктің көкесін көрсеттік. "Өзім білемін" дедім. Ешкімді тыңдамадым. Айтса, ұқпадым. Біраз адамдарға жел бердім. Әлі күнге дейін біраз жігіттер "Сіздің осы әңгімеңіз ұнайды" дейді. Нәпсілеріне ұнап тұрғанымен шаруасы жоқ. Қызба бастар көргісі келеді. Артын ойлап жатқан ешкім жоқ. Оларға бұл - қызық. Шыжығын ешкім ойлап жатқан жоқ. Ал мен, "тоқал алмаңдар" деймін. Өз ащы тәжірибемнен айтып отырмын. Отбасының шырқын бұзбаңдар. Алған жарларыңды қадірлеңдер. Ұрпақ керек болса, солар-ақ туып береді. Бұл сөзді мен айтуға тиіспін. Өйткені көп жігіттер менің сөзіме ерді. Менің сөзім оларға демеу болды. Елдің алдында жүрген соң әр сөзіңе жауап беруің керек. Мен осылай өзімнің қате айтқан сөзіме жауап беріп отырмын. Егер менің әсерімнен отбасы бұзылса, иіліп тұрып кешірім сұраймын”, – деді ол.
Омар Жәлел бүгінде тоқалды бәйбішенің өзі алып беретін заман келмеске кеткенін жазды.
“Мен - өз идеямның құрбанымын. Бұл идея іс жүзінде өзінің дұрыс еместігін көрсетті. Бұрын тоқалды бәйбішелер өздері алып беретін. Бұл мәселе өмірлік қажеттілігі болғандықтан ғана даналықпен шешілетін. Ол заман енді келмеске кетті. Заман өзгеріп кетті. Он тоғызыншы ғасырдың идеясы қазір өтпейді. Мен осыны айтайын деп едім. Мен осыны айтуға тиіс едім. Бұны менің айтуға хақым бар. Өйткені бұл "қызықты" молынан басымнан өткердім. Шәкәрімше айтсақ, апанға құлап кетіп, "апанға түспеңдер!" деп айқаласам, менің не кінәм бар?!”, – деп жазды ол.
Осы тұста Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі абайтанушының ел алдына шығып, өз қатесін мойындап тұрғанына тәнті болып, оны қолдап жатыр.
“Бұлай арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, ақиқатын ашып айту - ерлік!”, “Ел алдында мойынға ала білу де ерлік. Жарайсыз”, “Қателікті мойындау – үлкен ерлік”, “Азаматтық жасадыңыз. Кеше ғана әңгіме қылып едік, алғандар шығып айтса зиянын деп”, “Наконец-то! десем, күлесіңдер ме?) Міне, тәжірибеден сабақ алған адамның сөзі”, “Сіздікі ерлік!”, “ Мойындау да ерлік, Омкеңе жарасатын ерлік. Жөн сөз екен!”, – деп жазды олар.
Ал бірі мойындаумен қателіктің түзелмейтінін, бәрі кеш екенін айтыр жатыр.
“Ерте осы ой оралмаған екен,болары болған соң,керегі не! Бәрі кеш!”, “Нұрсила Ахметбек ағай екеуіңіз де оңбаған адамсыздар негізі. Мен бұрын сіздерді оқыған азаматтар деп әжептеуір силаушы едім. Сөйтсем, қанша оқығанмен, миға ештеңе тоқымаған екенсіздер. Ақыр соңы біріңіз дискотекада билеп, біріңіз діннің балағынан тартып сүйреп, қуып, лағып кеттіңіздер... Артық айтсам ренжімеңіз...”, “Мені тыңдамадыңыз! Тәжірибе ащы деген осы. Енді әрі қарай осы тақырыпта қаптаған үйтіп арнаға сұхбат беріп, рәсуа болмай, кәсіби ғылымға бас қойыңыз”, “Бәрі, “ойбай қателікті мойындауда ерлік” деп жазып жатыр екен, менің пайымымша бұл пост тек ғана публикаға ойнау дер едім”, – деп жазып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Омар Жәлелдің екінші әйелі күйеуімен не үшін ажырасқанына қатысты шындығын айтқаны хабарланған болатын.
Кейінірек белгілі ғалым Омар Жәлелдің өзі Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында ел арасында тараған әңгімелерге ашық жауап берді.