"Тоқаевпен істесеңші": Ақтөбе әкімі желідегі сыни жазбасы үшін белсендіге қоңырау шалған
Фото: Видеодан скрин
Желіде Ақтөбе қаласы әкімі Азамат Бекет пен жергілікті белсенді Ерәділ Үббиниязовтың әңгімесі тарады. Белгілі болғандай, “тікелей Тоқаевпен істесеңші” деген сөздерді сапасыз жолды сынаған белсендіге әкімнің өзі қоңырау соғып айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтөбелік белсенді Ерәділ Үббиниязов президенттен көмек сұрады. Айтуынша, қаладағы сапасыз жол жөндеу жұмысын көрсетемін деп әкімнен сөз естіген.
Желіде тараған видеода “Енді мен не істейін?” деген белсенді сауалына әкім жауап берді.
"Онда тікелей сол республикамен істесеңші. Тоқаевпен істесеңші онда. Ондай болса… Сені түсінбедім… Жарайды, Instagram, Facebook желілеріне шығардың. Неге Ақорданы белгіледің? Белгілеуді сол әйелдер айтты ма? Мен бүгінгі аялдамаға қатысты айтып тұрмын” деген сарындағы әңгіме желіде тарап кетті", – делінген тұрғынның сөзінде.
Белсенді жағдайдың қалай болғанын айтып берді.
“Өткенде Ақтөбеде жаңбыр жауған күні судың үстіне асфальт төседі. Оны көшеде өтіп бара жатқанда көрдім. Жанына барып жұмысты тоқтатуды сұрадым. Дәлел видео түсірдік. Бұл туралы парақшамда бар. Көлігіме жетемін дегенше қала әкімі хабарласты. Күдіктендім, сондықтан сөздерін видеоға түсірдім. “Тоқаевпен жұмыс істе” деген әңгіме болды. Біз халықтың жағдайын жақсарту үшін бірлесіп жұмыс істеу керекпіз. Жеке басымның сұрағын көтерген жоқпын. Заң шеңберінде шешу керек дегенде әкімнен осындай жауап алдым. Мәселені айтсаң, президентпен тікелей жұмыс істе деп айтады. Ал олар не істеп отыр?! Сенімді өкіл ретінде тағайындалған әкімдер солай сөйлесе, басқадан не сұраймыз?” – деді Ерәділ Үббиниязов.
Белсенді eOtinish арқылы барлық құзырлы мекемелерге шағым түсіргенін хабарлады.
Ал Ақтөбе әкімдігі жағдайға қатысты түсіндірмені жазбаша берді. Онда әкім Ерәділ Үббиниязовті 2025 жылы ақпан айында жеке қабылдағаны жазылған. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қала тұрғындары және белсенділерімен бірлесе отырып, ортақ қалалық мәселелерді бірлесіп шешуге уағдаласты деп түсіндіреді.
“Ерәділ Үббиниязов бұған дейін қалалық қоғамдық кеңестің құрамында болған және әкіммен жеке таныс. Оның көтерген проблемалық тақырыптары бірнеше рет жұмыс тәртібімен шешіліп, қала әкімімен тұрақты байланыс арқылы қаралып отырды. Алдыңғы жеке қабылдауда ортақ қалалық мәселелерді жүйелі түрде салалық бөлімдердің басшыларына, қажет болған жағдайда тікелей әкімге жеткізу жөнінде өзара келісімге қол жеткізілген еді", – делінген әкімдік хабарламасында.
Кейінірек әлеуметтік желіде олардың телефон байланысының қысқаша үзіндісі пайда болды. Оны толық контекстсіз екіұшты қабылдауға болады дейді әкім.
"Түсінбеушіліктерге жол бермес үшін тұрғындарға қатысты мәселелер ең алдымен жергілікті деңгейде, барлық тараптың белсенді қатысуымен шешілуі тиіс екенін жеткізгіміз келеді. Мұндай тәсіл жедел әрекет етуге және бірлескен тиімді шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар орталық мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл әрдайым жұмыстың маңызды бағыты болып қала береді және қажет болған жағдайда белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады”, – деп хабарлайды Ақтөбе әкімдігі.

Қазақстандықтар шоколадтың күрт қымбаттағанына шағымданды: Неліктен тәттіге енді көбірек төлейміз
