Тоқаев Ұлттық құрылтайда Мұхтар Шахановқа Қазақстанның Еңбек Ері атағын берді
Ұлттық құрылтайда Мұхтар Шахановқа Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді. Бұл туралы тиісті Жарлық Ақордада жарияланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Қазақ әдебиетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін жазушы Мұхтар Шахановқа жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – “Алтын жұлдыз” бен "Отан" ордені тапсырылсын", – делінген Жарлық мәтінінде.
Тоқаев Ұлттық Құрылтайда бұдан бұрын Шәмші Қалдаяқовқа "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын бергенін айта кетті.
"Құрылтайды барша жұртымыз үшін жағымды жаңалықпен аяқтағым келіп отыр. Кеше даңқты композитор Шәмші Қалдаяқовқа "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілгенін білесіздер. Ол – әнұранымыздың авторы, ұлт руханиятында ерекше орны бар аса көрнекті тұлға. Біртуар сазгерге құрмет көрсету – перзенттік парызымыз. Шәмшіні халқымыз "Қазақ вальсінің королі" деп қадірлейді. Шәмшінің әндері қашанда халықтың жүрегінде, ешқашан құндылығын жоймайды. Оның ақын Мұхтар Шахановпен бірлесіп жазған әндері елге кеңінен танымал. Әйгілі композитор мен атақты ақынның достығы – барша жұртқа үлгі.Жақында Шәмшінің іні-досы Мұхтар Шаханов сексен жасқа толады. Оның шығармашылық еңбегі қандай құрметке де лайықты. Ол – өте шыншыл, адал, ұлтжанды адам. Мен бүгін Мұхтар Шахановқа "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Еліміздің ең жоғары марапатын ақынға Ұлт ұясы – Ұлытаудың төрінде тапсырғанды жөн көрдім", – деді Мемлекет басшысы.
- Мұхтар Шаханов: Мені басшылар бірнеше рет өлтірмек болды
- "Қауіпсіздігімізге тікелей әсер етеді": Тоқаев Қазақстан атауын өзгерту туралы ойын айтты
Айта кетсек, Ұлттық құрылтай құрамына қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылған.
Сондай-ақ ұлттық құрылтай мүшелерінің арасында ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Райымбек Баталов, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев, Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев, саясаттанушы Данияр Әшімбаев, блогер Максим Рожин және басқалары бар.