Тоқаев шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беретінін айтты

Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтын сапа" және "Парыз" сыйлығының лауреаттарын, "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев елдегі ішкі жалпы өнімі алғаш рет 300 миллиард доллардан асатынын айтып өтті.
"Бәсекеге қабілетті бизнес – кез келген мемлекеттің тірегі. Биыл Қазақстан экономикасының өсімі 6%-дан асады деген болжам бар. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Еліміздің ішкі жалпы өнімі алғаш рет 300 миллиард доллардан аспақ. Қазір біз инфрақұрылымды дамытуға, экономиканы әртараптандыруға баса мән беріп жатырмыз. Сондықтан Үкімет дайын өнім экспортын арттыру ісімен белсенді түрде айналысуы қажет. Қазіргі таңда бұл салада біраз жетістіктеріміз бар", – деді президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беретінін айтты.
"Үкімет кәсіпкерлікті жандандыру үшін ауқымды жұмыс істеп жатыр, кедергілерді жою үшін нақты шаралар қолданып жатыр. Дегенмен әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелер мен түйткілдер аз емес, оны біз ашық түрде мойындаймыз. Ең алдымен, қосылған құны жоғары сапалы өнім өндіретін шағын бизнеске барынша жағдай жасалуы қажет. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсете отырып, кәсіпкерлеріміздің өз істерін кеңейтіп, жаңа деңгейге шығуына серпін берген жөн. Мұны кәсіпкерлікті дамыту саясатының маңызды шарты деп айтсақ, артық болмайды", – деді ол.
Мемлекет басшысы шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жедел қабылдауды тапсырды. Айтуынша, ауыл-аймақтардан ақылға қонымды өтініштер мен ұсыныстар жиі түседі.
"Қой мен ірі қара терісін өңдейтін кәсіпорын ашу туралы бастаманы айтуға болады. Неге екенін қайдам, қанша жыл өтсе де, осы шаруаны үкімет те, бизнес те қолға алмаған. Әйтсе де шағын және бизнес бұл кәсіппен айналысуға ниетті", – деді Тоқаев.
Сондай-ақ бизнесті негізсіз тексерулер мен заңсыз қылмыстық қудалаудың алдын алу бойынша жұмыс жүріп жатқанын да айтты.
Астанада тіс емдеу кезінде көз жұмған 3 жасар қыздың өлімі: Сотта жаңа күмәндер мен сараптамалық қайшылықтар туындады