Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мәселені шешу созылып кетті, халық күтіп отыр": Тоқаев "Самұрық-Қазына" мен үкіметті сынға алды

Тоқаев Самұрық-Қазына мен үкіметті сынға алдыФото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станцияларының құрылысы аяқталғанын күтпей, жаңа энергетикалық қуатты іске қосу жұмыстарымен айналысуды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы АЭС құрылысының ұзаққа созылатанын және дата-орталықтардың энергия тұтынуы металлургиялық комбинаттармен шамалас екенін ескеру керегін айтты.

“Көмір – біздің стратегиялық активіміз, оны қоршаған ортаға келетін зиянды әсерін толық бейтараптандыратын ең жаңа технологияларды қолдана отырып, барынша пайдалану керек. Осы тұста президент Дональд Трамптың “маған көмір ұнайды, жел ұнамайды” деген сөзімен келісуге болады. Мұнда белгілі бір қисын, ұтымды ой бар. Көмірмен жұмыс істейтін генерацияларға ұлттық жоба мәртебесін беру қажет. Үкіметке бұл мәселені 20 наурызға дейін шешу тапсырылды. Күн тәртібіндегі маңызды жобаларды жедел іске асыру керек. Атап айтқанда, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа ЖЭО салу. Бұл мәселені шешу созылып кетті, ал халық күтіп отыр. Бұл наразылығым Үкімет пен “Самұрық-Қазына” қорына бағытталады”, — деді Тоқаев.

Президент сондай-ақ Курчатов қаласындағы электр станциясын уақытылы іске қосуды, ГРЭС-2-дегі қосымша энергоблоктарды пайдалануға беруді және Екібастұздағы ГРЭС-3 құрылысына кірісуді тапсырды.

“Энергожүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін тепе-теңдікті ұстайтын қуаттарды жедел іске қосу керек. Ең алдымен, бұл газ генерациясына қатысты. Табиғи газдың әлеуетін жаңа кен орындарын іздеу арқылы күшейтуге болады әрі күшейту қажет. Өкінішке қарай, “көгілдір отын” өндірісі экономикамыздың өсіп келе жатқан қажеттіліктерінің кесірінен қалып қойып отыр. Қазақстандағы электр энергиясын өндіру көлемі 123 миллиард кВт/сағат деңгейінде, бұл барлық жоспарларымызды табысты іске асыру үшін жеткіліксіз. Мен бұл туралы жуырда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында нақты айттым. Басқаша айтқанда, еліміздің бәсекелік артықшылықтары тиісті деңгейде пайдаланылмай отыр”, — деп атап өтті мемлекет басшысы.

Оның сөзінше, Қазақстанда көмір қоры шамамен 33 миллиард тонна. Бұл айтарлықтай үлкен қор. Қазіргі тұтыну деңгейінде бұл қор 300 жылға жетеді. Жыл сайынғы көмір өндіру көлемі 110 миллион тоннадан асады, бұл Қазақстанды әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің қатарына шығарып отыр.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 20 Қаңтар, 2026 14:21