Қытайға мемлекеттік сапармен барған Тоқаев Си Цзиньпинмен не туралы сөйлесті
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келіссөздер жүргізді. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі Ақорда ұсынған ақпаратқа сүйеніп хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, мемлекеттік сапармен келуге шақырып, құрметпен қарсы алғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ оны Қытай Халық Республикасының Төрағасы лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.
"Қазақстан үшін Қытай Халық Республикасының орны – ерекше. Біздің ынтымақтастығымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсатымыз – ортақ. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да – бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды", – деді Тоқаев.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі елдің сауда-саттық көлемі 30 жылдың ішіндегі рекордтық деңгейге жетіп, 31 млрд доллардан асқан. Президент алдағы жылдары бұл көрсеткішті 35 миллиард долларға дейін жеткізуге болады деп санайды. Тоқаев 2030 жылға қарай 40 миллиард доллар деңгейінде мақсат қоюды ұсынды.
"Қазақстан Қытайға жіберілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейтуге мүдделі. Тек былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара сауда-саттық көлемі 780 млн доллардан асты. Қазақстан бұршақ дақылдарын, жоғары сапалы әрі экологиялық таза мұздатылған сиыр және қой етін жеткізуге дайын. Экономикалық әлеуеттің жүзеге асырылуы көбінесе көлік-транзит саласына байланысты. Бұл жерде Сіздің ауқымы жағынан бірегей "Бір белдеу – бір жол" бастамаңыздың аясындағы табысты ынтымақтастығымызды ерекше атап өткім келеді”, – деп қосты мемлекет басшысы.
Ертең Сиань құрғақ портында логистикалық орталықтың құрылысы басталады деп хабарланды.
- Тоқаев Қытай журналисімен не туралы сөйлескен - Сұхбаттан үзінді жарияланды
- Путин Тоқаевты 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтады
- "Жау жоқ деме, жар астында": Әлемде жаппай қарулану белең алғанына назар аударған Тоқаев әскер күшін нығайтуды тапсырды
Президент көлік дәліздерін әртараптандыру аясында Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (ТХКБ) әлеуетін белсенді түрде пайдалануды ұсынды.
"Елдеріміздің білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылығы артып келеді. ҚХР-да техникалық білім сапасы жоғары екенін ескере отырып, Қазақстанда Қытайдың ірі жоғары оқу орындарының бірінің филиалын ашуға мүдделі екенімізді тағы да атап өткім келеді. Қазақстан мен Қытайдың негізгі халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдары бірдей немесе ұқсас. Сондай-ақ екі тарап бір-бірінің халықаралық бастамаларын дәйекті түрде қолдайды. Осы ретте Сіздің жаһандық қауіпсіздік, жаһандық даму және жаһандық өркениет саласындағы халықаралық бағдарламалық бастамаларыңызды қолдайтынымды айтқым келеді. Бұл бастамалардың жүзеге асырылуы әлемдегі тұрақтылыққа, қауіпсіздік пен сенімге қол жеткізуге ықпал ететініне, сондай-ақ орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдететініне сенімдімін”, – деді Тоқаев.
ҚХР Төрағасы Қазақстан президентіне шақыруды қабыл алғаны үшін алғыс айтып, оны 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
“Осындай айтулы күні Сіз Қытайға мемлекеттік сапармен келіп отырсыз. Бұл біздің екіжақты ынтымақтастығымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді және Қытаймен тығыз байланыстарыңызды тағы да растайды. Қытай мен Қазақстан қытай-қазақ қатынастарының жаңа "алтын 30 жылдығына" қадам басты. Біздің елдеріміз достық, өзара қолдау дәстүрін дамытып, тиімді ынтымақтастықты тереңдетуі қажет", – деді ҚХР төрағасы.