Тоқаев Өзбекстан президентімен Алматыда бейресми кездесу өткізді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен бейресми кездесу өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Қазақстан басшысы Шавкат Мирзиеевке сапары үшін алғыс айтып, мұндай бейресми кездесулер жақсы дәстүрге айналғанын атап өтті.
"Бұл – бауырлас, достас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастығымызды дамытатын өте жақсы мүмкіндік. Біз одақтаспыз және бүкіл Орталық Азия аймағындағы жағдай көп жағдайда елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың қалай дамып жатқанына байланысты", – деді Тоқаев.
Ол Өзбекстан басшысының бауырлас халықтарды жақындастыру және аймақтың тұрақты және қауіпсіз дамуын қамтамасыз етудегі ортақ мақсаттарды алға жылжыту ісіне қосқан жеке үлесін жоғары бағалады.
Мирзиеев бүгінгі кездесудің екіжақты байланысты нығайту үшін маңызды екенін де атап өтті.
"Бүгін мені кішкентай Отаныңызда, Алматыда керемет қарсы алғаныңызға өте ризамын. Бұл үшін сізге өз атымнан және халқымның атынан алғыс айтамын. Шындығында, соңғы жылдары біздің қарым-қатынастарымыз мүлде басқаша болды. Біз одақтаспыз. Жеке қарым-қатынастарымыздың арқасында көптеген мәселелер шешіліп жатыр, мен Қазақстанның табысқа жетуін қалаймын. Экономика дамып келеді, табыстары жақсы, бірінші тоқсан 5,4 пайыздық өсіммен аяқталды", – деді Өзбекстан басшысы.
Мирзиеев бейресми кездесуге Қазақстанға үлкен командамен келгенін, өйткені әрбір сапар екі ел арасындағы қарым-қатынас пен барлық келісімдерге үлкен серпін беретінін атап өтті.
Әңгімелесушілер саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзит, инвестициялық, энергетика және су салаларындағы, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация мен туризмдегі ынтымақтастық перспективаларын егжей-тегжейлі талқылады. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға ерекше көңіл бөлінді.
Аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бөлек қаралды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша президенттер Қазақстан-Өзбекстан стратегиялық әріптестігін одан әрі тереңдетуге берік ұстанымдарын атап өтті.