Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өкілеттіктері нақты айқындалмаған": Тоқаев мәслихаттардың жұмысын қайта қарауға шақырды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде мәслихат төрағаларын ротация тәртібімен ауыстыру қағидаты енгізілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент мәслихаттардың өкілеттігін одан әрі кеңейтіп, нақтылай түсу қажет екенін айтты. Оның сөзінше, бұл – айрықша маңызы бар міндет. 

“Әкімдер халықпен кездескенде азаматтардың көбі нақты мәселелерді айтып, бірнеше сұрақ қояды. Сондай түйткілдер дұрыс шешімін табуы үшін депутаттық корпус белсенді түрде бақылау жасап, әкімдермен бірге жұмыс істеуі керек. Сондай-ақ мәслихаттардың ішкі жұмыс тәртібін ретке келтіріп, қайта қараған абзал. Олардың көптеген құзыреті әлі күнге дейін айқын емес. Бұл ахуал мемлекеттік басқару үдерісіне кедергі келтіріп отыр”, – деді ол.

Оның айтуынша, өз міндетін орындамаған немесе этиканы бұзған мәслихат депутаттарының жауапкершілігін күшейтетін нақты шаралар қабылдау қажет. Мемлекет басшысы мұндай қадам халықтың саяси мәдениетін дамытуға және өкілді билік институтына деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді деп санайды.

“Біз басқарудың ротациялық тәртібін мемлекеттік биліктің барлық деңгейіне біртіндеп енгізіп жатырмыз. Қазіргі таңда сайланатын әкімдердің өкілеттігі екі мерзіммен шектелген. Енді мәслихат төрағаларын ротация тәртібімен ауыстыру қағидатын енгізу керек деп санаймын”, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бұрын мәслихаттарды басқаратын хатшылар болғанын, енді төрағалар басқарып отырғаны еске салды.

“Бұл, меніңше, дұрыс шешім болды. Алайда, олардың өкілеттігі де екі мерзімнен аспауы қажет. Осындай әдіс арқылы кәсіби депутаттық корпус қалыптастырып, оның тиімділігін арттыруға болады. Бұл ұстаным елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың логикасына сай келеді”, – деді ол.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 12 Наурыз, 2026 14:18