Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Кентаудағы бу-газ қондырғысы құрылысының созылуын сынға алды

Фото: skcn.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Кентау қаласында салынып жатқан бу-газ қондырғысының құрылысы тым созылып кеткенін сынға алып, Үкімет пен "Самұрық-Қазынаға" жобаны жеделдетуді тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев облыста салынып жатқан бу-газ қондырғысының құрылысын тездетуді тапсырды.

"70 жылдан бері жөндеу жұмыстары жасалмаған Кентау жылу энергия орталығын жаңғыртуға қомақты қаржы бөлінді. Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселе. Облыста салынып жатқан бу-газ қондырғысының құрылысын тездету керек. Жұмыс созылып кетті. Үкіметке және "Самұрық-Қазынаға" осы мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Жалпы, аймақта түрлі өндіріс кәсіпорындары ашылып, жүздеген адам біртіндеп жұмыспен қамтылып жатыр. Мұның бәрі де – ел ішінде болып жатқан нақты жұмыстың көрінісі. Мен әрдайым айтып жүремін. Аймақтарымыз қуатты болса, мемлекет те мықты болады. Бұл біздің жетістіктеріміздің негізгі формуласы деп айтсақ, артық болмайды. Сондықтан өңірлердің экономикасын нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсарту мемлекеттің басты назарында тұратын стратегиялық мақсат болып қала бермек", – деді Тоқаев.

Дегенмен Президент Түркістан облысының даму қарқынын жоғары бағалап, өңірдің тарихи келбетін сақтау мен тұрақты дамуына ерекше мән берілетінін атап өтті.

"Бүгінде облыстың даму қарқыны жалпы жақсы деп айтуға болады, көптеген жұмыс істеліп жатыр. Әкім Нұралхан Көшеров белсенді түрде жұмысқа кірісті, өзі жергілікті ахуалмен таныс, жұмысының нәтижесі сәтті болады деп ойлаймын. Былтыр аймақ экономикасы 14 пайызға өсті. Барлық салада жақсы көрсеткіштер пайда болып жатыр. Салық түсімі алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Аймаққа 1,7 триллион теңге инвестиция тартылды. Үкіметтің мәліметі бойынша облыстағы елді мекеннің басым көпшілігі таза ауыз сумен қамтылды. Бірақ кейбір ауданда әлі де түйткілдер бар екен, тиісті министрлік әкімдікпен бірге бұл мәселелерді тез арада шешуі қажет. Ал табиғи газ жөнінде айтсақ, облыс халқының 90 пайызға жуығы қамтылған. Бұдан бөлек, аймақта 83 әлеуметтік нысан ашылды. "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында 16 білім ордасы салынды. Ауылдық жерлерде 35 денсаулық сақтау нысаны іске қосылды", – деді президент.


 


Еске салайық, бұған дейін Шымкентте екі жылда салынады делінген стадионның құрылысы әлі қарқын алмағанын жазған едік. Айта кетейік, Шымкентте 2024 жылы басталған стадион құрылысы жоспар бойынша 2026 жылы аяқталуы тиіс еді. Алайда жоба жер мәселесіне байланысты кешеуілдеп отыр.

Айым Атамбаева
Сенбі, 21 Наурыз, 2026 17:15