Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық тарифтері мен жанармай бағасы тым төмен екенін айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының тарифтері мен отын-энергетикалық ресурстардың бағалары тым төмен деп атап өтті. Оның айтуынша, ТМД елдеріне қарағанда Қазақстанда баға айтарлықтай төмен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: kuban24.tv

Оның айтуынша, мұндай жағдай нарықтағы теңгерімсіздікке алып келеді. Қазақстандағы жанар-жағармайдың төмен бағасы оның шетелге шығарылуына себеп болады. Үкімет алдында мұндай жағдайлардың алдын алу міндеті тұр дейді Тоқаев.

"Жылу электр станцияларындағы апаттар елдің беделіне нұқсан келтіріп, оның абыройын түсіреді. Бұл мемлекеттік қызметкерлердің жауапсыздығы мен біліксіздігін көрсетеді. Әкімдіктерде коммуналдық шаруашылықтарды басқаруда профильді мамандар емес, заңгерлер мен басқа да гуманитарлық сала өкілдері отыр. Энергетика мен коммуналдық объектілерді басқарудың жаңа стандарттарына тез арада көшу қажет. Үкіметке жаңа тарифтік саясатты жүзеге асыруды жалғастыру міндеті тұр. Тарифтер нарықтық жағдайларға сәйкес болуы керек. Әйтпесе электр энергиясы, жылу мен су үздіксіз беріле беруі мүмкін емес", – деді президент үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Тоқаевтың айтуынша, ТМД елдерінің барлығында электр энергиясы, газ және мұнай өнімдерінің тарифтері мен бағалары Қазақстаннан жоғары.

"Бәрі жанар-жағармай шекара асырып заңсыз шығарылып жатқанын көріп отыр. Бұл өз кезегінде қылмыстық әрекеттердің өршуіне себеп болады", – деп қосты президент.



Еске салайық, бұған дейін 28 қаңтардағы үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов үкіметтің кеңейтілген отырысында елде жанармай мен газ, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және теміржол тасымалы салаларында бағаны көтеру қажет екенін мәлімдеді. Бектенов біртіндеп нарықтық баға саясатына көшу осы салаларға қажет инвестицияларды тартуға және жанармай тапшылығының алдын алуға мүмкіндік береді деді. Сонымен бірге Бектенов елде бағаның күрт өсуіне жол берілмейтінін мәлімдеді. 

Талқылау