"Суды үнемдеу керек": Тоқаев Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды

Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің ұлттық энергетикалық жүйенің орнықтылығына арналған отырысы өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жиында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов және бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары баяндама жасады.
“Президент энергетикалық қауіпсіздік еліміздің тәуелсіздігі мен экономикалық орнықтылығын қамтамасыз ететінін атап өтті. Бүгінде Қазақстанның электр қуатын өндіруге қажетті ресурстары жеткілікті. Дегенмен сұраныстың ұдайы артуы қуат көздерін ұтымды әрі оңтайлы пайдалануды талап етеді”, – делінген Ақорданың хабарламасында.
Кеңесте отандық электр қуатын қажеттілікке қарай икемдеп өндіру мәселесі қозғалды. Соның ішінде газ генерациясы, энергия сақтау жүйелерін дамыту жоспарларымен қатар гидроэнергетиканың әлеуеті өзекті саналады.
"Бізге де дәл осындай менталитет қажет": Тоқаев Жапония азаматтарын мақтады
“Мемлекет басшысының айтуынша, аграрлық секторға, өнеркәсіп пен экономиканың басқа да салаларына су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу маңызды. Сонымен қатар саланың ғылыми-техникалық және кадрлық жай-күйіне айрықша назар аударылды. Кәсіби кадрларды даярлау гидроэнергетика бағытындағы ғылыми-зерттеу базасын дамыту үшін де керек. Жиын соңында Үкіметке және өңір әкімдеріне отандық энергетика жүйесінің тұрақтылығына қатысты мәселелерді жан-жақты шешу тапсырылды”, – деп мәлімдеді Ақорданың баспасөз қызметі.
Еске салсақ, осыған дейін премьер-министр Олжас Бектенов Тоқаевқа 2025 жылдың қорытындысы бойынша есеп бергенін жазғанбыз.
Kcell компаниясы қызметкерлеріне арналған жаңа жылдық корпоративке 160 миллионға жуық қаражат жұмсаған