Тоқаев қаңтар оқиғасы туралы алып-қашпа әңгімелер әлі де бар екенін жеткізді
Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасына қатысты болжамдар мен әртүрлі нұсқалар әлі де бар екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ана тілі басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Валерий Шарифулин/ТАСС
Мемлекет басшысының айтуынша, қаңтар оқиғасы сынды жағдайлар әлем тарихы үшін қалыпты жағдай.
“Қаңтар оқиғасынан үш жыл өткенде азаматтарымыздың көпшілігі елімізде бұрын-соңды болмаған осы дүрбелең көпе-көрінеу әлеуметтік әділетсіздіктің, саяси тоқыраудың, қаскөйлердің шектен тыс менмендігінің және олардың халық пен мемлекет тағдырына немқұрайлы қарауының кесірінен орын алғанына әбден көз жеткізді. Өкінішке қарай, бұл – әлем тарихы үшін қалыпты жағдай. Мұндай жайттар Қазақстандағы оқиғаға дейін де болған, кейін де бола береді деп ойлаймын”, – деді президент.
Тоқаевтың сөзінше, Қаңтар оқиғасы кезінде көліктер қирап, әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырағанын ұмытпау керек.
“Қаңтар оқиғасы туралы сөз болғанда, әр адам сол күндері көліктердің қирағанын, дүкендердің тоналғанын, қаскөйлердің мемлекеттік ғимараттарды басып алғанын, сарбаздардың соққыға жығылғанын, қару-жарақтың ұрланғанын және әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырағанын еске алуы керек. Жауапкершіліктен жұрдай саясаткерсымақтардың шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратып, мемлекеттігімізге шынымен де қатер төнген сәтті жұрттың жадынан өшіру үшін әрекет жасауына жол бермеу керек”, – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, сол кезде тәртіпсіздікті бастаған және төңкерісті ұйымдастырған адамдардың қимылына дереу тосқауыл қойып, батыл әрекет жасамағанда, қазір Қазақстан дербестігі мен егемендігі әлдеқайда шектеулі, мүлде басқа мемлекетке айналар еді.