Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев бірқатар елдің басшылары мен халқын Наурыз мерекесімен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесіне орай бірқатар елдің басшыларына құттықтау жеделхаттарын жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровты, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовті, Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовті, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевті, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды, Иран Президенті Масуд Пезешкианды, Ирак Президенті Абдул Латиф Рашидті, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифті Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Қазақстан Президенті жеделхаттарында Наурыз мерекесі елдеріміздің ғасырлар бойы қалыптасқан достық, бауырластық және өзара құрмет дәстүрлерімен үйлесетінін әрі табиғат жаңаруының нышаны саналатынын жазған. Сонымен қатар әз-Наурыздың қастерлі құндылықтары халықтарымыздың игілігіне бағытталған байланыстарды одан әрі дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірген.

Ресей Президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты Наурыз мейрамымен құттықтады.

“Ресей-Қазақстан қарым-қатынастары стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында табысты дамып келеді. Достас халықтарымыздың игілігі жолында, Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мақсатында өзара тиімді байланыстарды одан әрі арттыру үшін ортақ күш біріктіретінімізге сенімдімін”, – деп жазылған құттықтауда.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Наурыз көктемнің келуі мен табиғаттың оянғанын білдіретінін жазған. Сондай-ақ бұл мейрам Қазақстан халқының игілікке, ынтымақ пен өрлеуге ұмтылысымен ұштасатынын атап өткен.

“Екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға баса мән беремін. Сізбен берік достығымды мақтан тұтамын. Қытай мен Қазақстан арасындағы дәстүрлі достықты нығайтып, екі елдің мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігін тереңдету үшін күш-жігерімізді біріктіруге дайынмын”, – делінген жеделхатта.

АҚШ Президенті Дональд Трамп жеделхатында Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқын ынтымақ пен жаңару мерекесімен құттықтады.

“Біздің мемлекеттерімізді ұзақ жылдардан бері қалыптасқан өзара тиімді ықпалдастық байланыстырады. Алдағы уақытта қауіпсіздік, экономика және басқа да салаларда жаңа жетістіктерге жететінімізге сенімдімін. Біздің жасампаз елдеріміз табысты жолға қадам басқан кезеңде, Америка халқы Қазақстанның егемендігін, тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын әрдайым қолдайды”, – деп жазған Дональд Трамп.

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған жеделхатында Наурыздың сан ғасырлық дәстүрі бейбітшіліктің, бауырмалдық пен келісімнің маңызын еске салатынына тоқталған.

“Наурыз – дүние жүзіндегі бейбітшілікке деген үмітті нығайтып, халықаралық диалог пен ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілуіне септігін тигізеді деп ойлаймын. Елдеріміз арасындағы берік достық пен бауырластық байланыс қарқынды дамып, екіжақты ықпалдастығымыз кеңейе беретініне сенімдімін”, – делінген құттықтауда.

Еске салсақ, бұған дейін мемлекет басшысының Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтағаны туралы жазған едік. 

Талқылау