Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев автокөлік тасымалын дамыту үшін жол сапасы мен қауіпсіздігін реттеу керегін айтты

Фото: freepik.com

Мемлекет басшысы Тоқаев Қазақстанда теміржолмен қатар, автокөлік тасымалын дамыту керегін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Үкімет теміржолмен қатар автокөлік тасымалын дамытуға қатысты ірі жобаларды да жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алуы қажет. Мен “Қарағанды – Жезқазған”, “Орталық – Батыс”, “Ақтөбе – Ұлғайсын” бағытындағы жолдың және Қызылорда, Сарыағаш, Рудный қалаларының сыртындағы айналма жолдың құрылысы туралы айтып отырмын”, – деді Тоқаев.

Сонымен қатар, президент автокөлік тасымалын дамыту үшін, алдымен жолдың сапасы мен қауіпсіздігін реттеу керегін жеткізді. 


"1 миллиард 200 миллион теңге аударған": Қазақстандықтар қытайлық көлік тасымалдаушыларды алаяқтық жасады деп айыптап отыр


Атыраулық такси жүргізушілер оң жақ рөлді көліктерге жолаушы тасымалдауына салынған тыйымға қарсы шықты


“Жаңа жылға дейін жасанды интеллектіні пайдаланып автокөлік қозғалысын реттейтін цифрлық платформаны іске қосу керек. Біз жүк және жолаушылар транзитін барынша тиімді ету үшін шекарадағы өткізу бекеттерін жаппай жаңғырта бастадық. Былтыр тоғыз бекет іске қосылды. Келесі жылдың соңына дейін тағы 33 бекет толық жаңғыртылады. Цифрлық тәсілдер және жасанды интеллектінің көмегімен кедендік рәсімдерді оңтайландыру керек. Бірақ бақылау да әлсіреп кетпеуге тиіс. Еліміздің және көрші мемлекеттердің ақпараттық жүйелерін өзара байланыстыру керек”, – деді президент. 

Президент жүк тасымалын басқаратын жүйелер пилоттық режимде жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. 

“Мен Жолдауымда жүк тасымалын басқаратын Smart Cargo цифрлық платформасын, кеден рәсімдерін жасайтын Keden жүйесін енгізуді тапсырдым. Қазір осы жүйелер пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Барлық мекеменің ақпараттық жүйесін өзара кіріктіріп, бұл платформалардың толық іске қосылуын тездету керек”, – деді президент.

Тоқаев сонда ғана біртұтас интеллектуалды көлік экожүйесі қалыптасатынын айтты. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Қытайда дайындалған ұшқышсыз әуе көліктерін жолаушы және жүк тасымалына пайдаланғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 14:31