Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев араб елдерінің басшыларына жеделхат жолдап, қолдан келген көмекті аямайтынын айтты

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев араб елдерінің басшыларына қолдау білдіріп, жеделхат жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы Тоқаев Біріккен Араб әмірліктері, Сауд Арабиясы, Қатар, Бахрейн және Кувейт мемлекеттерінің басшыларына қиын-қыстау кезеңде шынайы қолдауы мен тілектестігін білдіріп, хат жолдады

Президент достас әрі бауырлас елдердің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған барлық әскери әрекетті батыл айыптады.

“Қазақстан халықаралық күрделі мәселелер мен қарулы қақтығыстардың бәрін тек дипломатиялық жолмен шешуді ұдайы жақтайды”, – делінген хатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бауырлас араб мемлекеттеріне қал-қадерінше көмек көрсетуге дайын екенін айтты. Сонымен қатар аталған елдердің басшыларымен тұрақты қызметтік қарым-қатынас жалғасатынына үміттенетінін жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарға жағдай тұрақтанғанша Иранға барудан уақытша бас тартуды ұсынған еді.  Содан кейін Израиль Иранға шабуыл жасады. АҚШ та Иранға қарсы әскери операция басталғанын мәлімдеді. Бұдан кейін Иран Израильге, Бахрейн, БАӘ-дегі АҚШ базасына шабуыл жасады.

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 01 Наурыз, 2026 07:59