Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Тоқаев әлемде дағдарыс ушықса, Ұлттық қор мен алтын-валюта резервтеріндегі қаражатты пайдаланатынын айтты

Президент жаһандық ахуалға мейлінше бейімделіп жұмыс істеу, яғни, әр қадамды мұқият ойластырып, салмақты шешімдер қабылдау арқылы Қазақстан экономикасын түрлі сын-қатерден сақтап қалу маңызды екеніне тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Тоқаев

"Әлемдік дағдарыс күшейіп кеткен жағдайда еліміз Ұлттық қор резерві мен алтын валюта қорының мүмкіндіктерін қолдана алады. Осындай күрделі уақытта біздің кәсіпкерлеріміз де ерекше белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Себебі оларды ешқандай қиындыққа қарамай еңбек ете алатын нақты істің адамдары деп есептеймін. Бізге қазір құр сөздің еш қажеті жоқ. Біз бәріміз бір ел болып тек табанды және тиімді жұмыс істеуіміз керек", – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлем бетпе-бет келіп отырған жаңа сын-қатерлерге қатысты пікір білдірді.

"Баршаңызға белгілі, жаһандық сауда соғысының өршуі салдарынан дүние жүзінде күрделі ахуал қалыптасып келеді. Егер мұндай текетірес орын алса, оның зардабын барлық ел тартады. Оған еш күмән жоқ. Бұл ретте біз Президент Трамптың аталған қақтығысқа қатысы бар елдердің ұстанымдарын нақтылап, мүмкіндігінше келіссөз бастау үшін 90 күн мораторий жариялау туралы байыпты шешімін құптаймыз. Сарапшылар елдердің бір-біріне қарсы тарифтер енгізуі әлем экономикасының құлдырауына түрткі болып, халықаралық сауда-саттықтың бүкіл ережесін тас-талқан етуі, тіпті, оның соңы қарулы қақтығыстарға дейін ұласуы мүмкін деп ескертеді. Апта басында барлық негізгі индекстердің мәні төмендеп, мұнай бағамы барреліне 60 доллардан аспады", – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев Америка билігі тарифтерді кейінге қалдыру туралы шешімін жариялаған соң, биржадағы бағалар өскенін еске салды. Қазір жағдай біршама тұрақталғаны байқалғанымен, әлемдік қор нарығы мен шикізат биржалары бұрын-соңды болмаған мазасыз күйге түсіп тұр дейді президент.

"Әлемнің қатаң тарифтік қақтығыстар саясатына көшкені анық. Әңгіме кезекті рецессия жайында ғана емес, жаһандық экономиканың іргесін шайқап, халықаралық қатынастар жүйесіне ауыр зардабын тигізетін дағдарысқа бет алғанымызда болып отыр. Біз қазіргі ахуалды мұқият сараптап, барлық қауіп-қатерді ескеріп жатырмыз. Ешбір қиындыққа қарамастан, Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолынан ауытқымайды, стратегиялық бағдарымыз да өзгермейді. Біз инфрақұрылым, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және басқа да бағыттар бойынша ірі жобаларымызды жүзеге асыра береміз. Жұмыс тоқтамайды. Сондай-ақ, әрине, мемлекетіміз әлеуметтік міндеттемелерін орындайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



Еске салайық, бұған дейін президент әлем кейінгі ондаған жылда болмаған ең ауыр дағдарыстың табалдырығында тұрғанын мәлімдеді.

“Алпауыт мемлекеттер бір-біріне қарсы "тариф майданын" ашқан соң, өндіріс пен сауда тізбегі бұзылды, нарықтар құлдырап, шикізат бағамы тұрақсыздана бастады. Бұл барлық елге, соның ішінде Қазақстанға әсер ететіні сөзсіз. Қазір жоғары тарифтер енгізуге 90 күндік мораторий жарияланғанымен, нарықтағы жағдай өте тұрақсыз. Сондықтан біз осынау экономикалық дүрбелеңнің Қазақстан экономикасына тигізетін салдарын жоюмен айналысып жатырмыз”, – деді Тоқаев.

Айым Атамбаева
Жұма, 11 Сәуір, 2025 15:33
Талқылау