Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев 30 жылда жеткен жетістіктің артында Ата Заң мен Назарбаевтың еңбегі жатқанын айтты

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция туралы сөз қозғап, экс-президент Назарбаевтың есімін ерекше атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тоқаев соңғы 30 жылда жеткен жетістіктің соңында Ата Заң мен Назарбаевтың еңбегі жатқанын айтты. 

“Әрине, қазіргі Конституциямыздың мән-маңызын ешкім жоққа шығармайды. Соңғы 30 жылда жеткен барлық жетістігіміздің бастауында Ата Заңымыз тұрғаны сөзсіз. Бұл тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегінің арқасы. Дегенмен бұл құжат еліміз енді ғана еңсесін тіктей бастаған кезде қабылданғанын ескерген жөн. Онда Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиын күндердің ізі бар. Солай болуы да заңды”, – деді Тоқаев. 

Президенттің сөзінше, тәуелсіздік алғалы еліміз адам танымастай өзгерді. 

“Сол кезден бері еліміз адам танымастай өзгерді. Болашағымызға көбі күмәнмен қараса да, Қазақстан халықаралық беделі жоғары, мықты мемлекетке айналды. Қазір әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық, технологиялық ахуал түбегейлі өзгеріп жатыр. Соңғы жылдары Қазақстан да көптеген өзгерісті бастан өткерді. Бұл өзгерістер ұлт санасына ықпал етті, тіпті, зор сілкініс әкелді десек, қате болмас.  Сондықтан еліміздің мақсат-міндеттерін, құндылықтары мен қағидаттарын заман талабына сай, конституциялық деңгейде жаңғырту айрықша маңызды”, – деді президент. 

Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев жаңа конституцияға қатысты сөз қозғап, комиссияның жұмысы ашық жүргізілгенін айтты. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 11:45