Титаник маңында жоғалған сүңгуір қайық: Мұхит түбінен белгісіз қирандылар табылды
Солтүстік Атлант мұхитында жоғалып кеткен "Титан" сүңгуір қайығын іздестіру аймағында әлдебір жүзу құралының жарықшақтары мен сынықтары табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Аталмыш хабарды АҚШ жағалау күзеті таратқан. Алайда бұл сынықтар "Титан" батискафына тиесілі ме, жоқ па – белгісіз.
Сынықтар мен қирандылар жатқан қоқыс алаңын жоғалған сүңгуір кемені іздеп жүрген қашықтан басқарылатын аппарат тауып алды.
CNN хабарлауынша, қазір сарапшылар алынған ақпаратты бағалап жатыр.
Жағалау күзеті арнайы брифинг өткізіп, жағдайдың егжей-тегжейін айтып береміз деп уәде берді.
Еске сала кетейік, жексенбіден бері құтқарушылар Атлант мұхитының солтүстік бөлігінде жоғалып кеткен сүңгуір қайықты іздеп жатыр.
Бортында 5 адам (Франция, АҚШ, Ұлыбритания және Пәкістан азаматтары) бар шағын "Титан" (Titan Sub) қайығы Солтүстік Атлантикадағы суға батқан "Титаник" кемесімен танысу үшін 4 мың метр тереңдікке сүңгіп кеткен.
Сыйымдылығы бес адаммен шектелетін аппарат 96 сағатқа тереңге бойлай алады.
Қазір Американың қарулы күштері Канада мен Франциядан келген әріптестерінің қолдауымен құтқару операциясына қатысып жатыр.