Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте келуші түсірген видео 72 жастағы аспаздың бизнесін құтқарып қалды

донер ата

Фото: Желі кадрларынан скрин

Шымкентте 72 жастағы қария кішігірім кафесімен желіде танымалдыққа ие болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Шымкенттегі биік ғимараттардың бұрышындағы кішкентай білінбейтін кафенің иесі – 72 жастағы Мұстафа Сойгун. Ол Түркиядан Қазақстанға 26 жыл бұрын келген. Өмірінің көп бөлігінде аграрлық салада жұмыс істеген. Кейін қазақстандық оқу орнында сабақ берген. Көп елдерде болған Мұстафа Қазақстанға келгенде өз үйінде жүргендей сезінген. Сонымен баласын осында өсіріп-жетілдіріп, осы қалада қалып қойған.

10 жылдан бері Мұстафа тамақтандыру саласымен айналысып келеді. Кейінгі 5 жылда кішігірім кафесін ашқан. Алайда бұл жер ешкімге таныс болмағандықтан табыс әкеле қоймаған екен.

Дегенмен бір күні шымкенттік қыз мұнда кездейсоқ кіріп, тамақтанған. Кейін видео түсіріп, өзгелерге қарияны қолдауға шақырып желіге таратқан. Осы видеодан соң кафенің келушілері кенет көбейіп кеткен. Жастар мұнда келіп видеолар түсіріп, контент жасайды, тамақтанады.

Тіпті кейін қария бәріне қызмет етіп үлгере алмай, қосымша көмекшілер жалдапты. Мұстафа шетелде осыншалықты танымал боламын деп ойламаған.



“Кейін қарасам келушілер жаңбырдай жауды. 15-20 адамнан келе бастады. Жалғыз үлгермедім. Біреулер маған “сіз TikTok-тa жүрсіз” деді. Ал мен тіпті оның не екенін де білмеймін. Бір айдан соң осы кішкентай кафе 100-150 адамға дейін қабылдайтын болды. Жартысы отырса, басқалары кезекте тұрады. Бастысы тағамым келушілерге ұнаса болды! Оларға ұнаса міндетті түрде қайтып келеді.

Қазақстанды өзіміздей көремін. Біздің аталарымыз да осы жақтан. Бұл жерде өзімді шетелдікпін деп сезінбеймін. Менің екінші отбасым”, – деді ол.

Мұстафаның донерінен дәм тату үшін адамдар өзге қалалардан да келеді екен. Кейбірі кафеден, кейбірі өзімен бірге алып кетеді. Аспаз өзіне келген әр қонақты мейіріммен бауырмалдықпен күтіп алады. Қария қазір қол астындағыларға да аса қамқорлықпен қарайды.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 09 Маусым, 2025 14:53
Талқылау