TikTok-та "Немка мусульманка" деген атпен танылған қыз Ислам дініне қалай келгенін айтып берді
Диана әлеуметтік желіде "Немка мусульманка" деген атпен танымал. Айтуынша, оған TikTok пен Instagram-да оған "Ұлтың неміс бола тұра исламды қабылдадың ба?" деп жазатындар көп екен. Stan.kz тілшісі қарағандылық Дианамен сұхбаттасып, оның ұлт пен дінге қатысты ерекше оқиғасымен танысты.
Фото Диананың жеке архивінен
Диана Қарағандыда дүниеге келген. Оның әкесі – неміс, анасы – қазақ. Ол – құжатқа сай неміс қызы. Екі жасынан әкесінен айырылған ол көбіне анасының тәрбиесін көрген. Сондықтан көбіне өзін таза қазақтың қызы сезінеді екен.
“Іштей өзімді қазақ сезінемін. Бірақ ұлтым неміс және бұл құжаттарымда да жазылған. 16 жасымда төлқұжат жасатуға барғанымда маған анамның тегін алып, қазақ деп жаздыруға болатынын айтты. Бірақ мен бас тарттым. Себебі бала кезімнен осы тегіме және адамға әкесінің ұлты берілетініне үйреніп қалдым. Ал әкем – неміс”, – дейді Диана.
Диананың өз ата-әжесі мен нағашылары – бәрі Қазақстан азаматтары. Анасының тәрбиесін алған соң өзге қазақтар сияқты мұсылмандыққа жақын болыпты.
“Көбіне анам тәрбиелеген соң таза қазақы отбасының тәрбиесін, менталитетін, дәстүрін көріп өстім. Сондықтан қазақтар ұстанатын исламнан басқа ұлттың мәдениеті мен сенімін біліп өспедім. Әлхамдулилла, мұсылманмын. Исламды практика жүзінде 4 жыл бұрын ғана ұстана бастадым, сол кезде орамал тақтым", – дейді ол.
Желіде "Немка мусульманка" деген атпен парақша жүргізу өзінің идеясы екен. Ол видео түсіріп, парақша жүргізу шығармашылық қабілетін ашуға көмектесіп жатыр деп есептейді.
"Мектепте оқып жүргенімде агентте "Немка мұсылманка" деп статус қоятын едім. Instagram-дағы парақшам осы атпен бұрыннан бар. Ал TikTok-ты кейіннен аштым және тура осы өзім үйренген атауды қоюды жөн санадым. Екі желідегі парақшамды да хобби ретінде жүргіземін. Бұл маған жағымды эмоция сыйлайды, ал түрлі видео түсіру шығармашылық потенциалымды ашуға көмектеседі", – дейді Диана.
Дегенмен Диананың оқырманы аккаунттағы “немка” деген сөзді, сосын орамалдағы қызды көріп, таңданып қалады екен. Себебі олар неміс қызына мүлдем ұқсамайсыз дейді.
“Бала кезімде және әлі орамал тақпай тұрған шағымда мені керісінше қазақ қызына ұқсататындар аз еді. Оған қоса қазақ қыздардың ортасына мені қоспай, қазақтың қызы болмағаным үшін бөлетін сәттерді де өткердім. Тіпті менімен қазақша сөйлеспейтін. Қазір бәрі керісінше. Әртүрлі жерде көріп қалған адамдардың бәрі қазақтың қызы деп қабылдайды, солай таниды. Содан да мен "Қазақтың қыздары бұлай киінбеген, оранбаған, жабылмаған" деген пікірлерді жиі естимін. Орамалды қыздарға айтылатын “мәңгүрт”, “арабқұл” сөздері де таныс", – дейді ол.
@nemka_musulmanka некоторые потом еще переворачивают мое удостоверение😅 #документы #немкаМусульманка #Казахстан #shikshakshok #ухти #мусульманка ♬ Shik Shak Shok - Hassan Abu El So'oud
Диана бүгінде графика дизайнері, компанияда жұмыс істейді. Дегенмен өзін ең әуелі асыл жар, сосын ана сезінетінін айтты. Ал желі қолданушылары оған исламға қатысты сұрақтар жазып, кеңес сұрайды екен. Қыздар жағы орамал мәселесіне қатысты уақымын да жеткізеді.
"Мен ең әуелі – әйелмін және анамын. Уақытымның көп бөлігі осы қызметімді атқаруға кетеді. Дінімді және орамалымды жақсы көремін. Үлгі етіп көрсететіндей адам болмауым мүмкін. Бірақ маған көп қыз исламға келіп, орамал таққысы келетінін, намаз оқығысы келетінін айтып отырады. Негізінде олар орамалға қатысты қауіпті ойларын сейілту үшін әрі қолдау табу үшін жазып отырады. Мұндай хаттарға барынша жауап беремін, қолдау білдіремін", – деді неміс қызы.
Сонымен қатар блогер дінге қатысты пәтуа, уағыз айтпайтынын, тек қыз-келіншектерге тәжірибесінен білетін дүниелерді бөлісетінін жеткізді. Оның сөзінше, кей адамдар орамалды қыздарға қарап, "орамал таққан қыздар теңдікті қолдамайды, қорқақтап қалған" деп ойлайды. Диана бұл таптаурынға жол бергісі келмейді.
"Мен ештеңе үйретпеймін, уағыз айтпаймын. Егер жауап беруге қиналсам немесе мен білмейтін нәрсе болса, біздің мүфтиятқа жүгінемін. Өз дінімді дамытуға, оны насихаттауға көңіл бөлемін дей алмаймын. Бірақ адамдар мен сияқты қыздардың парақшасына қарап, "орамал таққан қыздар теңдікті қолдамайды, қорқақтап қалған" деп ойламауы керек. Олар – керісінше жетістікке жеткен, өзіне сенімді, бақытты адамдар. Біздің дініміз тамаша, ал орамал тағу өз таңдауымыз. Әр исламға жақындай түскен, орамалға келген қызды көрсем, ерекше қуанамын", – деп қосты мұсылман қыз.
Оның сөзінше, жақсы немесе жаман ұлт болмайды, әрқайсысында жақсы, жаман адамдар болады. Ұлттарды төмен не жоғары санамай, барлығына бірдей жақсы қарым-қатынас жасау керек.
“Әрине, өз ұлтыңды, халқыңды, еліңді, отбасыңды мақтан тұта аласың. Бірақ бұл басқа ұлттарды төмен түсіру арқылы жасалмауы керек. Бәрімізді бір Алла жаратты, біз бәріміз ол үшін бірдейміз. Қазақстанды жақсы көремін. Бұл – менің Отаным. Иә, менің де өзге отандастарым секілді кейбір нәрсеге көңілім толмайды, бірақ жалпы алғанда өз елімдегі өмірім тыныш, ыңғайлы. Маған біздің таңғажайып табиғат, халқымыз және әрине, түрлі дәмді тағамдарымыз ұнайды", – деп түйіндеді Диана.