"Тікелей қақтығыс міндетті түрде болады": Ресейдің мемлекеттік арнасында тағы да Қазақстан туралы сөз қозғалды (видео)
Ресейдің "Россия 1" мемлекеттік арнасында тағы да Қазақстан туралы сөз қозғалып, бағдарлама қонақтары екі ел арасында "міндетті түрде қақтығыс болады" деген түйін жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бағдарлама қонақтары Украина аумағында орналасқан биологиялық зертханалар туралы айта келе, мұндай зертханалардың Қазақстанда да бар екенін мәлімдеді.
"Украинадағы әскери-биологиялық зертханалар жетерлік. Мұнда олар да (ред. украиналықтар), англиялықтар да, немістер де жұмыс істеген. Бірақ Қазақстандағы зертханалар туралы біз ұмытып кетеміз. Осы туралы айтқанда барлығы күлген еді. "Қазақстан мен Американың биологиялық зертханасы, бұл мүмкін бе?" деді. Украинада да, Қазақстанда да бар. Сондықтан тікелей қақтығыс міндетті түрде болады", – деді шығыстанушы Евгений Сатановский.
Еске салайық, бұған дейін “Вечер с Владимиром Соловьевым” саяси ток-шоуында саясаттанушылар Қазақстанды Украинадан кейін проблема деп атаған еді.
“Тыңдаңыздар, енді Қазақстан – біздің келесі мәселеміз екеніне назар аударайықшы. Себебі ол жақта да Украинадағыдай нацистік үдеріс қалыптасуы мүмкін. Ол елде орыстар да көп, аумағы да, Семей де, оған қоса, Росатомның ядролық материалдары да сол жақта”, – дейді сарапшылардың бірі.