Tik-Tok кейіпкерлері елестеген: Алматы облысында әйел 10 жастағы ұлын пышақтап тастады
Алматы облысы Өтеген батыр ауылында әйел 10 жасар баласын өлтірмек болды. Бірнеше пышақ жарақатын алған бала 3 қараша күні қалалық балалар ауруханасына жеткізілген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Елдің жағасын ұстатқан оқиға жайлы Аngry_taldyk Instagram парақшасында жарияланды.
Оқиға орын алған жерге жедел жәрдемді баланың атасы шақырған.
"Дәрігерлер баланың денесінде, арқасынан, мойнынан, қолдарынан барлығы 16 пышақ жарақатын анықтады. Анасы тіпті ұлының тамағын пышақпен тілгілеп үлгерген. Бала шұғыл түрде операция бөліміне жеткізілді. Зардап шегушінің мүшелерін тексергеннен кейін, хирургтардан, анестезиолог-реаниматологтардан құралған дәрігерлер операцияға кіріскен", - деп жазады жазба авторы.
Бұдан бөлек, балаға травматикалық және геморрагиялық шок диагнозы қойылды.
"Операцияның сәтті аяқталғанын, баланың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты екенін білгеннен кейін ғана мен болған оқиға жайында бөлісуді жөн санадым", - деп жалғастырады автор.
Кейін белгілі болғандай, баланың анасы соңғы үш күннен бері біртүрлі мінез-құлық танытқан.
"Баланың анасы кейінгі үш күнде өзін біртүрлі ұстағаны белгілі болды: ол үйдегі барлық адамнан жасырынған. Әйел өзін Tik-Tok кейіпкерлері өлтіргісі келетінін айтқан. Ал ұлы оған ойынға қатысушылардың бірі болып көрінген", - делінген хабарламада.
Алматы облысы полициясы күдіктінің ұсталғанын және полиция бөлімінде екенін мәлімдеді.
"Сағат 15:00 шамасында 10 жасар бала көптеген пышақ жарақатымен Өтеген батыр ауылындағы балалар ауруханасына түсті. Тексеру барысында балаға анасының пышақ сұққаны анықталды. Күдіктіге қатысты сот-психиатриялық сараптама тағайындалды, оны психологиялық диспансерге орналастыру мәселесі шешілуде. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бірқатар сараптама тағайындалды. Тергеу барысында істің барлық мән-жайы анықталады", - деп хабарлады Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі.