Билеттерді 3 мың теңгеге сатып алып, 30 мыңға қайта сатуда: Футбол жанкүйерлері алыпсатарлар кесірінен "Қайрат" матчының билетін ала алмаған
Фото: Әлеуметтік желіден
26 тамыз күні Алматыда өтетін алматылық “Қайрат” пен шотландиялық “Селтик” клубтарының матчына билет сатып алған жанкүйерлер Ticketon.kz сайтын сынға алды. Алты билет сатып алған қазақстандыққа тек төрт билет бұйырған. Stan.kz тілшісі Ticketon сервисінен қазақстандықтардың наразылығын жеткізіп, алып-сатарлардың футбол жанкүйерлеріне жасаған қиянатына қатысты түсініктеме беруін сұрады.
Билеттерді 3 мың теңгеге сатып алып, 30 мыңға қайта сатуда: Футбол жанкүйерлері алыпсатарлар кесірінен "Қайрат" матчының билетін сатып ала алмаған
Аят Сыздыкбеков есімді желі қолданушысы билеттері Ticketon сайтында бір жарым сағатта саталып кеткен “Қайрат-Селтик” ойынына 6 билет сатып алған. Бірақ нәтижесінде оған тек 4 билет берілген.
“Ticketon-нан көңілім қалды. Джей Лоның концертіне билет сатылымынан кейін қайталанбайды деп ойлап едім. Қателесіппін. “Қайрат – Селтик” матчы. Билеттерді сатып алу үшін электронды кезек болды, тіпті сатып алынған билеттерді тек @bankffin.kz SuperApp арқылы көре алдық. 6 билет сатып алдым. Бірақ тек 4-еуі ғана келді. Кейін қалған екі билеттің басқа адамдарға қайта сатылып кеткенін білдім. Не жағдай болғанын анықтап, достарыма ойынға бәрі бірдей бара алмайтынын түсіндіремін деп жүйкем тозды. Билеттерді сатып алып жатқанда 6 билет алғаныма сенімді едім. Ақшаны қайтарды, бірақ маған ақша емес, билеттер керек еді”, – деп жазды желі қолданушысы.
Фото: Әлеуметтік желіден/Тhreads.com/@jesuisayat
Айта кету керек, ер адам 6 билетті Ticketon сайтынан сатып аларда олар “бос” болып көрсетілген.
Фото: Әлеуметтік желіден/Тhreads.com/@jesuisayat
Оған Ticketon сервисінің өкілдері билетті қайта рәсімдей алмайтынын, тек ақшаны қайтара алатынын айтқан. Сондай-ақ олар бұл жағдайды бір уақытта көп адамның билет сатып алуымен түсіндірді.
Сондай-ақ басқа желі қолданушылары алып-сатарлардың кесірінен футбол жанкүйерлері ойыншыларға қолдау білдіре алмағанын айтып, ашынды. 3000 мың теңгеден сатылған билеттерді алып-сатарлар 30 мың – 50 мың теңге арасында сатқан. Өзгелер алып-сатарлар жаппай сатып алған билеттерді жарамсыз етуді ұсынды.
“Тек ЖСН арқылы сатып алу жүйесін енгізіп, бір адамға екі билеттен артық бермеу туралы шектеу қойыңыздар. Себебі билеттердің 80%-ын алып-сатарлар алып кетті, 10%-ы ойыншылардың фанаттары сатып алса, небәрі 10%-ы ғана нағыз футбол жанкүйерлеріне бұйырды. Ең өкініштісі – футболды шын жүректен жақсы көретін, осы сәтті асыға күткен адамдар билетсіз қалды”, – деп ұсыныс айтты Нұрила есімді желі қолданушысы.
Фото: Әлеуметтік желіден
"Алып-сатарларды біле жүріңіздер. Солардың кесірінен жанкүйерлер матч көріп, команданы қолдай алмайды, балалар матчқа бара алмайды, ата-аналар балаларына билет сыйлап, қуанта алмайды. Мұндай матчтың енді қашан болатыны белгісіз, алып-сатарлардың кесірінен қарапайым халық ойынды көре алмайды. 1500 теңге тұратын билеттерді 50 мыңға сатып отыр. Бұл – ұлтқа сын. Өз халқынан, қарапайым адамдардан пайда көріп отыр. Бұл мәселені көтеру керек, өйткені ол алдағы уақытта жалғаса береді. Өздерін ең ақылдымыз деп ойлай ма? Жоқ, олар – сатқын”. – деп ашынады желі қолданушысы.
Болған жағдайға қатысты Ticketon сайты пікір білдірді. Сервис өкілінің айтуынша, бір адамға сатылатын билет саны онсыз да шектеулі. Сол себепті Аят Сыздыкбеков 6 билетті бірден сатып ала алмаған.
“Бір адамға сатылатын билеттер санына шектеу – барлығы билет сатып ала алуы үшін біз тұрақты түрде енгізіп отыратын шаралардың бірі ғана. Бұдан бөлек, билетті қолжетімді ету үшін және алып-сатарлармен күресу мақсатында біз электронды кезек енгізіп, күмәнді транзакцияларды бұғаттаймыз. Сондай-ақ “Қайрат – Селтик” матчы секілді сұранысқа ие шараларда біз ваучерлік жүйені енгіземіз. Бұл жағдайда алып-сатарлардың билеттерді қайта сатуға мүмкіндігі болмайды, өйткені билеттер ваучер иелеріне іс-шара басталар алдында ғана SMS және электронды пошта арқылы жіберіледі”, – дейді маркетинг басшысы Роман Грозыкин.
Сервис өкілі әлеуметтік желіде желі қолданушыларына билеттерді қолма-қол сатып алудың қаупі туралы үнемі ескертілетінін атап өтті. Өйткені шын билетті де адамдар басқаларға бірнеше рет сатуы мүмкін екенін ескертті.

Екі қыз анасыз қалды: Атырауда ер адам әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінді
