Ticketon Дженнифер Лопестің концертіне байланысты жылдық табысын жоғалтпақ
Freedom Holding Corp. инвестициялық тобының негізін қалаушы Тимур Турлов Дженнифер Лопестің концертіне билеттерді Ticketon платформасы арқылы сәтсіз сату қорытындысына қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: kino-teatr.ru
Турловтың айтуынша, ұйымдастырушы Ticketon-ды комиссиясына билет тарататын агент ретінде таңдаған. Концертке деген сұраныс бұрын-соңды болмаған жағдайға жеткен. Сату кезінде сайт жүктемеге төтеп бере алмай, мәліметтер базасы істен шығып, соның салдарынан осы техникалық ақаудың салдарынан көп билет қайта сатылған. Платформа билеттердің қайталанып жатқанын көргенде сату тоқтатылды.
“Стадиондағы орындар саны бекітіліп қойғандықтан жаңа орын би алаңында да, басқа жерде де қосылмады (ұйымдастырушы бұған жол бермес еді, біз жайлылық пен қауіпсіздікті құрбан етпес едік). Біз сатуды тоқтатқанда барлық орын сатылған жоқ, бірақ жалпы билеттер саны стадион сыйымдылығынан шамамен 10%-ға асып түсті (дубликат болуына байланысты)! Біз дубликат билеттерді бос орындарға қайта бөлуге тырыстық. Ақау салдарынан бір орын бірнеше рет сатылып кеткен көрермендерге балама нұсқалар ұсынуға әрекет жасадық”, – деді Тимур Турлов.
- Біріншіден, Турлов барлық клиентке сервиске төлеген алымды қайтарып беруге уәде берді.
- Екіншіден, "қосарланған" жағдайға тап болған және бағасы "төмен" балама алған адамдарға Ticketon өз есебінен билетті ұйымдастырушылардан сатып алып, ақшасын қайтарады. Олар концертке тегін бара алады.
- Үшіншіден, орны ауыстырылған немесе би алаңына ауыстырылған (егер ол бұрынғы билетінен қымбат болса) клиенттерге билеттің 50% құнын өтеп береді. Билетті толық бағада қайта тапсырып, соған қарамастан 50% өтемақы алуға болады.
- Төртіншіден, балама табылмаған және ваучер берілмеген клиенттерге барлық ақшасы қайтарылып, сатып алған билеттің құнына тең өтемақы төленеді.
Турлов компания бұл сәтсіздікке байланысты бірнеше жүз миллион теңге шығынға ұшырайтынын баса айтты.
"Осымен бәрі тәмам. Бұл шешім бізге осы қызметтің бір жылдық пайдасын жоғалтады және мен біздің бүкіл командамыз оған толығымен лайық екеніне сенімдімін. Техникалық есепті сәл кейінірек жазамыз. Мұндай концерттердің астарында қандай қиындықтар жатқанын енді білдік", – деп түйіндеді Турлов.
Еске салайық, бұған дейін әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопестің Астанада өтетін концертіне билет сатып алу кезінде Ticketon.kz сервисінде техникалық ақау пайда болған еді. Сервистің негізін қалаушы Алексей Ли Threads-тегі парақшасында ақаудың себебін түсіндірді. Ол әншінің жанкүйерлерінен кешірім сұрап, қолайсыздықтың орнын толтыратынына уәде етті. Алайда Instagram желісінде алып-сатарлардың жарнамасы тарады. Ол жақта билет құны 500 мың теңге көрінеді. Осылайша ол VIP орындарға билеттер ұсынып, фан-зонаға билет те сататынын айтқан.

"Саусақтары күйіп, денесі құрысып қалды": Талдықорғанда Kaspi терминалын ұстаған баланы тоқ соқты (видео)
