Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Threads-тегі Қазақстан армиясы туралы шу тудырған жазба авторын жаза күтіп тұр

Threads-тегі Қазақстан армиясы туралы шу тудырған жазба авторын жаза күтіп тұрФото: Pexels.com

Ақпан айында әлеуметтік желіде әскерде жүріп командирден сексуалдық зорлық көрдім деген қазақстандықтың жазбасы тарады. Көптің талқысына түскен жазба көп қаралым жинады. Оған қатысты Қорғаныс министрлігі пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Армияда жүргенде командир сексуалдық зорлық көрсетті деген жазба авторы парақшасында қаражат жинап жатқанын айтты. Оның сөзінше, ақшаны шетелге көшіп, пәтер жалдау үшін жинап жатыр. Ол парақшасында аударымдар туралы есеп беріп отырады. Соңғы рет ол 329 230 теңге жиналғанын айтты.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, тергеу барысында жазба авторы анықталғанымен, оның жариялаған мәліметтері расталмаған.

“Білікті органдар жан-жақты тексеру жүргізді. Жағдайларды анықтау барысында жазба авторының кім екені белгілі болды. Сонымен қатар оның жариялаған мәліметтерінің шындыққа сәйкес еместігі анықталды. Аталған оқиға шындыққа жанаспайды және Құрлықтағы Қазақстан Қарулы күштеріндегі әскери қызметін қаралау мақсатында әдейі таратқан”, – деп мәлімдеді министрлік.

Ведомство  процессуалдық шешім қабылдау үшін материалдардың құқық қорғау органдарына жіберілгенін атап өтті. 

“Естеріңізге саламыз, қолданыстағы заңнама бойынша әдейі жалған мәліметтер таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған”, – делінген министрлік жауабында.

Министрлік осыған ұқсас тексерілмеген ақпараттан аулақ болып, тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды. 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 04 Наурыз, 2026 12:17