Tesla адамтәрізді роботтар өндірісі үшін электромобильдер қатарын қысқартады

Tesla компаниясының басшысы Илон Маск Model S және Model X электромобильдерін өндіруді тоқтатып, зауытты адамтәрізді Optimus роботтарын шығаруға бейімдеу жоспарын жариялады. Шешім компания тарихында алғаш рет жылдық табыс төмендегеннен кейін қабылданып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bbc.com-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Инвесторлармен өткен қоңырау кезінде Илон Маск Model S пен Model X бағдарламаларын аяқтайтын уақыт келгенін мәлімдеген. Оның айтуынша, Tesla келесі тоқсанда Model X кроссовері мен Model S толықөлшемді седанының өндірісін тоқтатуды жоспарлап отыр.
Масктың мәліметіне сүйенсек, Калифорния штатындағы Фримонт қаласында орналасқан, осы модельдер шығарылған зауыт адамтәрізді Optimus роботтарын өндіруге қайта жабдықталады.
Сондай-ақ Маск 2025 жылы Tesla-ның жалпы табысы 3% төмендегенін, ал жылдың соңғы үш айында пайда 61% қысқарғанын айтты.
Ал қаңтарда қытайлық BYD компаниясы Tesla-ны басып озып, әлемдегі ең ірі электромобиль өндірушісіне айналды.
Бұдан бөлек, Масктың саяси белсенділігі Tesla клиенттерін азайтқан көрінеді, әлемнің түрлі елдерінде компанияның дилерлік орталықтарының алдында наразылық акциялары өтті.
Tesla-ның электромобильдерге бұрынғы басымдық беруден бас тартуы АҚШ президенті Дональд Трамптың іштен жанатын қозғалтқышы жоқ көліктерді қолдауға бағытталған кейбір мемлекеттік бағдарламаларды қысқарту шешімімен тұспа-тұс келді.
Бір кездері әлемдегі ең табысты автокомпаниялардың бірі болған Tesla бүгінде роботакси бағытын да белсенді дамытып келеді.
Инвесторлармен өткен қоңырауда Маск Tesla-ның өзіне тиесілі xAI жасанды интеллект стартапына 2 млрд доллар (1 триллион теңге) инвестиция салғанын да хабарлады.
“Көптеген инвесторлар бізден соны сұрады. Олар Tesla xAI-ға қаржы салуы керек деді, біз негізінен акционерлер сұрағанды орындадық”, – деді Маск.
Бұл шешім Tesla акционерлерінің xAI-ға инвестиция салу туралы ұсынысқа қатысты жуырдағы дауыс беруіне қарамастан қабылданды, өйткені дауыс бермегендер мен қарсы болғандар саны бұл идеяны қолдағандардан көп болған.
Былтыр инвесторлар Маскқа құны шамамен 1 трлн долларлық (502 триллон теңге) рекордтық өтемақы пакетін басым көпшілік дауыспен мақұлдаған еді. Бұл төлемді алу үшін ол алдағы 10 жылда компанияның нарықтық капитализациясын айтарлықтай арттыруға тиіс.
Масктың сөзінше, Tesla шығындарын шамамен 20 млрд долларға (9 триллон теңге) ұлғайтуды жоспарлап отыр.
“Келесі жылы бұл өте ірі капиталдық шығындар болады. Біз эпикалық болашақ үшін үлкен инвестициялар жасап жатырмыз”, – деді ол.
Осы жаңалықтар аясында Tesla акциялары биржадан тыс саудада шамамен 2% өсті.
Сарапшылар компанияның жаңа бизнес бағыттарына көшуі электромобильдер модельдік қатарының ескіруімен қатар жүріп жатыр деп есептейді.
“Model S пен Model X Tesla үшін әлдеқашан шағын тиражды модельдерге айналды”, – деді Edmunds аналитикалық бағытының жетекшісі Джессика Колдуэлл BBC-ге.
Ол портфель мен басымдық тұрғысынан олардан бас тартып, Model 3 пен Model Y сияқты жаппай өнімдерге, сондай-ақ бизнесті кеңейтудің басқа бағыттарына назар аудару қисынды шешім деп санайды.
Айта кетейік, бұған дейін BYD электромобиль нарығында көш бастағаны, компания Tesla-ны сатылым бойынша басып озғаны хабарланған еді.
Өмірі ауруханаға бармаған 100 жастағы ата ұзақ өмір сүрудің құпиясын айтты