"Теріс жолмен жүрген қарақшы": Қайрат Әділгерей Құрманғазы жайлы айтқан сөздері үшін кешірім сұрады

Танымал актер Қайрат Әділгерей күйші Құрманғазыға қатысты айтқан сөздері үшін оның ұрпақтарынан кешірім сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлы жайлы айтқан сөздеріне түсініктеме беруді жөн көргенін жазды. Сондай-ақ ол күйшінің әруағын қорлау ниеті болмағанын жеткізді.
“Кейінгі екі күнде менің белгілі бір подкастта Құрманғазы атамызға қатысты айтқан пікірім қатты талқыға түсіп жатыр. Орал қаласының ақсақал, алқабилері жиналып, наразылық білдіріп, тіпті сотқа бермек екен. Осы тұста мен өз қателігімді мойындаймын”, – деді ол.
Өнер иесі бұл әңгімені бірнеше жыл бұрын подкаст барысында айтқанын және өте дөрекі жеткізгенін мойындады.
“Жалпы мен тарихи жерлерді аралағанды, бабалардың басына барып, әруақтарына құран бағыштағанды жақсы көремін. Кез келген тарихи мекенде бабалардың басында шырақшы не тарихшы болады. Мен бұл әңгімені сондай бабамыздың басындағы шырақшының өз аузынан естіген едім. Менің қателігім сол шырақшының айтқанын басқа форматта жеткізгенім болды, яғни жастар тілінде, дөрекі етіп жеткізгенім. Мен оны мойындаймын, үлкен бір қателігім болды. Өздеріңіз білесіздер, подкаст еркін форматта жүргізілетін сұхбат, сондықтан мен де еркінсіп, эмоцияға беріліп, естіген әңгімемді қате жеткіздім”, – деді ол.
Актер Құрманғазының ұрпақтарының талабын орындауға дайын екенін, күйшінің жатқан жеріне барып, құран бағыштайтынын айтты.
“Мен оралдық ақсақалдардың талабын орындауға дайынмын, осы бірнеше күнде Астрахань қаласына барып, құран бағыштап, барлық мағлұматты сол жерде түсіндіремін. Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ демекші, сіздерден кешірім сұраймын”, – деді ол.
Мән-жайы
Жақында актердің подкасттардың бірінде күйші Құрманғазы жайлы айтқан пікірі тарады.
“Құрманғазы Сағырбайұлын тек күйші ретінде білеміз, ал шын мәнінде барып шырақшыдан сұрасаң, ол баукеспе, қарақшы болған. Теріс жолмен жүрген. Досы Исатай екеуі “гопстоппен” айналысқан. Байлардан тартып алып, кедейлерге таратқан”, – дейді ол подкастта.
Кейінірек Батыс өңіріндегі қызылқұрт руының өкілдері әрі Құрманғазының ұрпақтары мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, актер Қайрат Әділгерей тарихи тұлғаның ар-намысын қорлап, жалған ақпарат таратты.
“Кейінгі кезде әлеуметтік желіде актер Қайрат Әділгерей ұлтымыздың мақтанышы, күй атасы атанған Құрманғазы Сағырбайұлы туралы ел алдында ар-намысын қорлайтын, жалған және жала сипаттағы сөздер айтқан видеосы тарады. Эфирде актер ешбір тарихи, ғылыми деректерге сүйенбестен, Құрманғазы атамызды теріс жолмен жүрген қарақшы деп атамыздың қадір-қасиетіне және тарихи беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқан. Біріншіден, тарихи деректерге сәйкес, Құрманғазы атамыздың мазары Ақжар деген жерде емес, Ресей Федерациясының Астрахань облысы Алтынжар елдімекенінде орналасқан. Ол жерде 2009-2010 жылдары Қамза Нұрғазиев есімді шырақшы болған, руы Жайық, беріш. Ол Қайрат Әділгерей айтқандай ақпарат таратуы мүмкін емес”, – деді олар.
Екіншіден, қариялар Құрманғазының досы Исатай емес, руы қызылқұрт, соба Емшат есімді рулас болғанын алға тартты.
“Үшіншіден, актер эфирде Құрманғазының негізгі кәсібі ұрлық, қарақшылық, ал күйшілік тек хоббиі болған адам ретінде көрсетеді. Бұл тұжырымдар тарихшылардың немесе күйшінің өмір жолын көрсеткен ғалымдардың еңбектеріне мүлдем қайшы”, – деді олар.
Видео авторлары актердің сөздеріне сараптама жүргізіп, құқықтық баға берілуі үшін сотқа арыз түсіретінін ескертті. Сонымен қатар олар Қайрат Әділгерейдің Құрманғазының басына барып, кешірім сұрауын талап етті.
“Осы айтылған жайттарды ескеріп, актер Қайрат Әділгерей қоғам алдында жала жабу, жалған ақпарат тарату және тарихи тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетін нұқсан келтіру әрекеттеріне құқықтық баға беріп, сараптама жүргізіп, оған қатысты ҚР заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қолдану үшін үстінен іс қозғап, сотқа арыз түсіреміз”, – деді ақсақалдар.
Айта кетейік, бұған дейін актер Қайрат Әділгерей басты рөлдердің бірін сомдаған “Руың кім?” фильмі прокаттан алып тасталғаны хабарланған еді.
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге қосымша кәсіп ашуға рұқсат берілді: Бұл кімдерге қатысты