Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тергеушілердің қиялы үшін жауапты емеспін": Перизат Қайрат қаражат жымқыру және ысырап ету айыптарын мойындамады

Фото: instagram.com/01pk

Астана ауданаралық сотында прокурорлар Перизат Қайратқа тағылған айыптарды оқып берді. Ол өзіне тағылған алаяқтық және ақша жымқыру айыптарын мойындамай, тергеу мен айыптауды "прокурорлардың қиялы" деп атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға Қылмыстық кодекстің келесі баптары бойынша айып тағылған:

•    190-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы – "Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық";

•    218-баптың 2-бөлігінің 1-тармағы – "Алдын ала сөз байласқан адамдар тобының қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыруы";

•    218-баптың 3-бөлігінің 3-тармағы – "Аса ірі мөлшерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыру".

Прокурорлар айыптау актісін оқып болғаннан кейін, сот залында сөз Перизат Қайратқа берілді.

"Айыптау актісімен келіспеймін, ондағы дәлелдерді негізсіз деп санаймын. Тергеушілердің қиялы үшін мен жауапты емеспін. Мен негізсіз тағылған айыптарды мойындамаймын. Кейін барлық фактімен өзімді қорғаймын", – деді Перизат Қайрат.


Перизат Қайрат ісі бойынша судья жаңа шешім шығарды


Перизат Қайраттың қор құру кезінде-ақ қаржыны жымқыру ниеті болған – Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Елемесов


Еске салайық, бұған дейін 9 шілдеде Астанада 3 млрд теңгеден астым қаржыны жымқырды деп айыпталған Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты алдын ала сот тыңдауы басталды. Бұл қаржы мүмкіндігі шектеулі балаларға, сондай-ақ Қазақстандағы су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстан зардап шеккендерге қайырымдылық көмегі ретінде жиналған. 2024 жылғы қараша айында Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған 1,5 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікпен ұсталған. Тергеу деректері бойынша, бұл қаражаттың бір бөлігі элиталық жылжымайтын мүлік, көлік және қымбат шетелдік сапарлар сияқты жеке қажеттіліктерге жұмсалған. Сот тыңдауы кезінде Перизат Қайрат тергеу изоляторында соққыға жығылғанын айтып көзіне жас алды.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 14 Шілде, 2025 12:21
Талқылау