"Терезе сындырылып, заттар көшеге лақтырылды": Қарағандыда балалар орталықтан күштеп босатылды

Қарағандыда жеке меншік ерте дамыту орталығы даулы жер теліміне байланысты сот шешімімен күштеп босатылды. Оқиға кезінде балалар ғимарат ішінде болған, ал жұмысшылар терезелерді сындырып, заттарды сыртқа шығарған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Орталық қызметкерлері балалардың психологиялық күйіне алаңдаса, сот орындаушысы бұл заңды шешімнің орындалуы екенін мәлімдеді.
Балалар орталығы 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді, ал ғимарат шамамен 20 жыл бұрын салынған. Дау көрші үйдің жаңа иесі келгеннен кейін басталған. Ол нысанның бір бөлігі өзіне тиесілі жер теліміне кіріп тұрғанын анықтап, сотқа жүгінген. Сот шешімі бойынша ғимараттың бір бөлігі көршіге өтуі тиіс болған.
Сот актісін орындау барысында ғимаратты босату жұмыстары қатаң түрде жүргізілген. Куәгерлердің айтуынша, жұмысшылар қоршауды бұзып, терезелерді сындырып, заттарды сыртқа лақтырған. Оқиға кезінде балалар ғимарат ішінде болған. Оларды бір бөлмеге жинап, асүй мен дәретханаға қолжетімділігін шектеген.
"Балалардың көзінше бұлай жасауға бола ма? Балалар күйзеліске түсті. Оларды тамақсыз қалдырды, ешқайда шығара алмадық, тіпті дәретханаға да бара алмады", – деді орталық қызметкері Наталья Школьникова.
Даулы жер телімінің иесі тарапынан құжаттардың бұрын заңды болғаны айтылады. Марат Ержұмановтың сөзінше, олар 20 жыл бойы тиісті құжаттармен өмір сүрген.
"Бір күнде сот барлық құжаттарды жарамсыз деп таныды. Үш күннің ішінде бәрі өзгеріп, меншік басқа адамға өтті", – дейді ол.
Оның айтуынша, олар бұл шешіммен келіспейді және істі кассациялық тәртіпте қайта қарауға ниетті. Қарағанды облысының жеке сот орындаушысы Айдын Нұрбеков бұл әрекеттер заң аясында жүзеге асқанын айтты. Оның сөзінше, сот шешімі 9 ақпанда заңды күшіне енген, ал борышкерлерге бірнеше рет ескерту берілген.
"Ғимаратты өз еркімен босату туралы бірнеше рет хабарлама жіберілді. Бірақ талап орындалмады", – деді ол.
Сондай-ақ ол орталық иелері балаларды алға тартып, жағдайды ушықтырды деген пікір білдірді. Сот орындаушысының мәліметінше, ғимараттың бір бөлігін бұзу жұмыстарын көрші жалдаған жұмысшылар жүргізген. Алайда орталық иелері бұл әрекеттердің қауіпті екенін айтады. Олардың пікірінше, техникалық сараптамасыз жүргізілген бұзу жұмыстары бүкіл ғимараттың құлауына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты олар жеке сот орындаушысының әрекетіне прокуратураға шағым түсірген.
- "Өз елім туралы ақпарат табу қиын болды": Америкалықтар асырап алған қазақ баласы 20 жылдан кейін елге оралды
- Павлодарда 8 жастағы оқушыны өзінің сұрауымен балалар үйіне орналастырды
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Бағанашыл балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаевқа еркінен тыс көшіру қоғамда наразылық тудырды. Қоғам белсендісі Аружан Саин бұл әрекетті заңға және Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясына қайшы деп атап өтті.
Кейін Тоқаев Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру туралы шешімді тоқтатуды тапсырғаны мәлім болды. Президент Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және бұл нысанды қаланың балансына алуды тапсырды.
"Наурызға 317 млн, ал Жаңа жылға 793 млн теңге": Қазақстанның бас қалалары Наурыз мейрамына Жаңа жылдан екі есе кем қаржы бөлді