Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Теннисшілер отбасынан шықтым, Еуропада тұрамын, ендігі мақсат – АТР рейтингінде үздіктер қатарына ену" – Әмір Омарханов

Әмір ОмархановФото:Әмір Омарханов/ҚТФ

Қазақстандық жас теннисші, 18 жастағы Әмір Омарханов, Тунисте өткен байрақты турнирде жеңіске жетіп, ересектер арасындағы екінші халықаралық титулын иеленді. Жас спортшы 2025 жылы ғана ересектер санатындағы жарыстарға қатыса бастады. Ересектер қатарына қосылғанына небәрі бір жыл болғанынан қарамастан Әмір Омарханов айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп үлгерді. Жас талант Қарағанды қаласының тумасы. Қазіргі таңда Әмір Еуропада тұрып жатыр. Ол әлемдік деңгейдегі теннисшілермен иық теңестіріп, кәсіби шеберлігін шыңдауда. Осы тұста Stan.kz тілшісі Әмір Омархановтың өзіне хабарласып, спортшының алдағы мақсат жоспарлары туралы сұрап білді.

– Әмір, Тунистің Монастир қаласында өткен турнирдегі жеңісіңіз құтты болсын! Бір апта ішінде қатарынан сегіз матчта жеңіске жеттіңіз. Жалпы жарыс сіз үшін қаншалықты қиын болды?

 – Құттықтауларыңызға көп рақмет! Иә, бұл турнир өте күрделі болды. Бұған қоса, физикалық тұрғыдан едәуір күш талап етті. Эмоциялық жағынан жеңіске жету оңай көрінуі мүмкін, алайда физикалық тұрғыдан бұл мүлде оңай емес. Сондай-ақ жекелей және жұптық ойындарға қатар қатысқандықтан, кортта көп уақыт өткіздім. Дегенмен, ағзамның бәріне төтеп бергеніне өте қуаныштымын. Осындай ірі матчтарда сағаттап шыдау үшін корттан тыс көп еңбек еттім. Сол еңбегімнің жемісін көріп, ақтық сынға жолдама алдым. Финалда шаршағаныма қарамастан, лайықты ойын көрсете алғаныма ризамын.

  –  Бұл сіздің ересектер арасындағы жекелей сындағы екінші титулыңыз. Ересектер қатарына қосылғаныңызға бір жыл ғана болды. Ересектер арасында өнер көрсету физикалық және психологиялық тұрғыдан қиынға соғып жатқан жоқ па?

– Иә, жастардан кейін ересектер қатарына өту бастапқыда едәуір қиын болды. Әсіресе өткен жыл оңайға соқпады. Себебі бір жыл бойы өз ойынымды да, сенімділігімді де таба алмадым. Сондықтан ойын деңгейімді жақсартуға және өз ойын мәнерімді қалыптастыруға көп көңіл бөлуге тура келді. Қазір, маусымның соңына қарай және осы жылдың басынан бастап, өзімді кортта әлдеқайда сенімді сезіне бастадым. Ересек қарсыластарға қарсы ойнап жүрмін. Әрине, жасөспірімдер мен ересектер теннисінің арасында айырмашылық бар. Бірақ жаныңда дұрыс адамдар болып, бағыт-бағдар берсе, ойың жинақы болса, өз-өзіңді табасың. Әрине, айтуға оңай, бірақ бұл процесс уақытты қажет етеді. Дегенмен, бұл қиындықты да еңсеруге болады.

–  Әлеуметтік желілерде кейбір жанкүйерлер қазақ балалары тенниске қызықпайды деген пікір айтып жатады. Сіз осы стереотипті бұзып келе жатқан спортшылардың бірісіз. Өзіңіз бұл пікірмен келісесіз бе?

– Шынымды айтсам, мұндай пікірді өз басым байқамадым. Дегенмен, өз тәжірибем мен көзқарасыма сүйене отырып, Қазақстанда теннистің танымалдығы артып келе жатқанын нық сеніммен айта аламын. Бұл қызығушылық тек жастар арасында ғана емес, ересектер мен балалар арасында да жоғары. Себебі елімізде тенниспен айналысуға қолайлы әрі қолжетімді инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар, өскелең ұрпаққа үлгі болатын, ел мақтанышына айналған дарынды теннисшілер де көбейіп жатыр. Осының бәрі адамдардың осы тамаша спорт түріне деген қызығушылығын арттырып, теннистің беделін жыл сайын көтеріп келеді деп сеніммен айтуға негіз бар.

– Әлеуметтік желі демекші Тунисте өткен жарыстағы жеңісіңізден кейін әлеуметтік желіде пост жарияламапсыз. Әдетте спортшылар жетістікке жеткен соң бірден қуанышымен бөліседі ғой. Бұған не себеп болды? Әлде нәтижеге көңіліңіз толмады ма?

– Шынымды айтсам, әлеуметтік желілерді жүйелі жүргізбеймін. Оның негізгі себебі - уақыттың тапшылығы. Жеңіс пен келесі турнирдің арасында уақыт өте аз болды, сондықтан арнайы пост жазуға мүмкіндік болмады. Тек сториске репост жасап үлгердім. Бірақ мен бұған аса қатты мән бермеймін. Негізгі жеңістер әлі алда деп есептеймін. Әрине, өткен нәтиженің маңыздылығын төмендеткім келмейді, бірақ әлеуметтік желіге тәуелді емеспін.

– Неліктен дәл теннисті таңдадыңыз? Көптеген қазақ жастары дзюдо, бокс, күрес секілді спорт түрлеріне бейім келеді ғой.

 – Бастапқыда менің әкем тенниспен әуесқой деңгейде айналысқан. Әкеме теннис қатты ұнайтын. Кейін менің туған алты жас үлкен ағам тенниске қызығушылық танытты. Ол білікті маман жаттықтырушымен кәсіби түрде дайындалды. Менде ен алғаш рет ағамды жаттықтырған бапкердің тобына бардым. Сол сәттен бәрі басталды. Жалпы айтқанда, менің бүкіл отбасым теннистің жанкүйерлері, сондықтан мен де олардың салған сара жолымен жүрдім.

– Өзіңіз қай өңірдің тумасысыз? Жанкүйерлерге өзіңізді таныстырып өтсеңіз.

– Мен Қарағанды қаласының тумасымын. Сол жерде өстім, оқыдым және жаттықтым. 14 жасқа толған соң Еуропадағы турнирлерге қатыса бастадым. Кейін академияға түстім. Қазір негізінен Еуропада тұрамын. Дегенмен, отбасым, үйім, достарым және туған-туыстарым әлі де Қарағанды қаласында тұрады. Сондықтан кіші Отаным – Қарағандыға әрдайым ерекше сағынышпен барып тұрамын.

– Неге Еуропада тұрып жатырсыз? Туған жеріңіз Қазақстанда тұрып дайындалуға кедергі бар ма?

– Қазіргі таңда Италияның Бордигера қаласындағы әйгілі Piatti Tennis Center академиясында жаттығып жүрмін. Бұл әлемдегі ең беделді теннис орталықтарының бірі. Академияны Янник Синнер, Мария Шарапова, Новак Джокович сынды жұлдыздармен жұмыс істеген аңыз жаттықтырушы Риккардо Пьятти басқарады. Осы орталыққа ауысуым – кәсіби деңгейімнің айтарлықтай өскенінің және Қазақстан теннис федерациясының маған үлкен үміт артып отырғанының дәлелі. Мұнда әлемнің үздік ойыншыларымен бір кортта жаттығып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік бар.

– Тенниске неше жасыңызда келдіңіз? Алғашқы бапкеріңіз кім болды? Бұл спортты таңдауыңызға кім немесе не әсер етті?

– Мен тенниспен алғаш рет бес жасымда айналысып, бастағанмын. Сол кездегі басты шабыт беруші – отбасым, ата-анам мен ағам болды. Дегенмен, маған дұрыс жол көрсеткен алғашқы жаттықтырушым – Нестеров Петр Владимирович. Ол осы күнге дейін менің тәлімгерім болып, бағыт-бағдар беруде. Ол мен үшін өте жақын адам. Менің дұрыс қалыптасуыма, жігер әрі шыдамды болуыма және адамгершілік қасиеттерді бойыма сіңіруіме бапкерім зор үлес қосты. Сондықтан мансабымның басында дәл осы кісіге тап болғаныма өте ризамын. Менің теннисті қатты жақсы көруіме және осы спортпен кәсіби түрде айналысуыма да сол кісі әсер етті деп есептеймін.

– Сіздің стиліңіз де ерекше. Әсіресе сырт келбетіңіз бен шаш үлгіңіз еуропалық ойыншыларға ұқсайды. Бұл арнайы қалыптастырған образыңыз ба?

 – Ілтипатыңызға көп рақмет! Бірақ мен арнайы имидж немесе ойын стилін қалыптастыруға тырыспаймын, бар болмысым осы. Корттан тыс өмірім де бар. Кортта жинақы әрі күтімді көрінуге тырысамын, бірақ есте қаларлықтай немесе ерекше (экстравагантты) көрінуге ешқандай талпынысым жоқ. Бәрі өздігінен қалыптасады. Дегенмен, кейде эксперимент жасағанды ұнатамын.

– Елена Рыбакина мен Александр Бубликпен араласып тұрасыз ба? Олар ақыл-кеңестерін айтып тұра ма? Қаншалықты жақын араласасыздар?

– Иә, Еленамен және Александрмен араласып тұрамыз, бірақ өте тығыз қарым-қатынаста емеспіз. Олар сияқты әлемдік деңгейдегі теннисшілердің қаншалықты бос емес екенін, шаруаларының көптігін жақсы түсінемін. Дегенмен, олар мүмкіндіктеріне қарай кеңестер беріп, көмектесіп тұрады. Олардың Қазақстандағы өскелең ұрпаққа үлгі екені анық. Осындай деңгейдегі ойыншылардың өз тәжірибелерімен бөлісуі және бағыт-бағдар беруі әрқашан тек оң әсерін тигізеді.

– Теннистегі басты кумиріңіз кім?

– Қазір, әрине, біздің спортшылар мен үшін үлгі. Олардың жеңістеріне шын жүректен қуанып, әрдайым жанкүйер боламын. Ал бала кезімде және есейіп келе жатқанда менің басты үлгі тұтар тұлғам Рафаэль Надаль болды. Оның жігерлі рухы, тенниске бар уақытын арнауы, өршілдігі мен эмоцияға толы ойын мәнері маған ерекше ұнайтын. Сондай-ақ сол кездегі "Үлкен үштіктің" өзара тартысты ойындарына тәнті болдым. Олардың бәсекесін өз көзіммен тамашалай алғаныма өте қуаныштымын. Сондықтан олардың барлығы мен үшін үлгі тұтар тұлғалар.

– Қазақстанда теннистің дамуына көңіліңіз тола ма? Жалпы инфрақұрылым, мамандар (бапкерлер, массажистер, дәрігерлер) жеткілікті деңгейде ме?

– Қазақстанда теннис саласында, бірнеше танымал жаттықтырушылар мен мамандарды білемін. Бізде шетелдік мамандарды арнайы шақырып, тәжірибе алмасатян семинарлар өтіп жатқанын көріп жүрмін. Сондықтан өз ісінің жоғарғы деңгейдегі мамандары бізде әлі де көптеп пайда болатынына сенімдімін, бұл тек уақыт еншісіндегі мәселе.

– Алдағы мақсаттарыңыз бен жоспарларыңыз қандай?

– Алдағы турнирлер Қазақстанда, Шымкент қаласында грунт корттарында өтеді. Онда "челленджер" санатындағы екі турнир ұйымдастырылады, және мен соларға қатысуды жоспарлап отырмын. Одан кейінгі нақты жоспар әлі белгісіз. Қазір Италияға барып, жарысқа барынша дайын болу үшін грунт төсемінде жаттығуды жоспарлап отырмын. Осы маусымдағы мақсатым – егер рейтинг жинай алсам, ATP рейтингінің үздік 500-дігіне кіру. Бұл келесі маусымға жақсы серпін береді және орындалуы мүмкін міндет деп есептеймін. Сондықтан осы мақсатқа жету үшін барымды салуға дайынмын.

Әңгімеңізге рақмет!

Ақерке Өмірхан
Жұма, 27 Наурыз, 2026 16:29