Теннисші Елена Рыбакина қай елдің азаматы?
Фото:WTA
Танымал теннисші Елена Рыбакинаның қай елдің азаматы екені соңғы уақытта жиі талқыланып жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлемдік рейтингте үздік бестікте тұрған, Қазақстанның бірінші ракеткасы саналатын спортшының азаматтығына қатысты күмәннің тууына Ресей теннис федерациясының президенті Шамиль Тарпищевтің бұрынғы мәлімдемесі себеп болды.
Ол Рыбакинаны Ресей азаматы деп атап, Қазақстан атынан тек спорттық тұрғыда өнер көрсетіп жүр деген пікір айтқан еді.
Бірақ Қытайдағы World Tennis Continental Cup көрме турнирі кезінде Елена Рыбакинаның Қазақстан Республикасының төлқұжатын ұстап жүргені көпшілікке анық көрінген.
Фото:WTA
Сонымен қатар бұл мәселеге байланысты Қазақстан теннис федерациясы да нақты түсініктеме берді. Федерация өкілдері елімізде қос азаматтыққа заңмен тыйым салынғанын және "спорттық азаматтық" деген ұғымның құқықтық негізі жоқ екенін мәлімдеді.
Осылайша, Рыбакинаның Қазақстан азаматтығы толықтай ресми әрі заңды екені тағы бір мәрте дәлелденді.
Айта кетейік, теннисші 2022 жылдың шілде айында өткен баспасөз жиынында Қазақстан азаматы екенін ашық айтып, тиісті құжатын да көрсеткен еді.

